#Жаңалықтар / Шығыс Қазақстан
«Әділет» партиясы сайлауалды штабының өкілдері Ана мен бала орталығында болды
2-08-2026, 17:52
«Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшесі, Құрылтай депутаттығына кандидат Ерлан Сайыр Өскемендегі Ана мен бала орталығының ұжымымен кездесіп, медицина саласының қызметкерлеріне партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Кездесу барысында партияның 2023-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, жұмыспен қамту, еңбек нарығын дамыту, жастарды қолдау, әлеуметтік әділдікті нығайту сияқты өңірдің тұрақты дамуына қатысты маңызды бастамалар жайында сөз қозғалды. Және денсаулық сақтау саласына байланысты негізгі мақсат-міндеттер туралы егжей-тегжейлі айтылды.
– Денсаулық сақтау жүйесі есеп беруді емес, пациенттің өмірі мен денсаулығын көздеп жұмыс істеуге тиіс. Әр адам, қай жерде тұратынына қарамастан, заманауи әрі сапалы медициналық көмекке жүгініп, оның пайдасын көре алуы керек. Негізгі басымдық стационарда емдеуден ерте диагностикалау мен амбулаториялық бақылауға ауысады. Соның арқасында емді уақытында бастап, ауыр асқынудың алдын алып, қымбат операциялар қажеттілігі азаяды. Міне, партиямыздың алдына қойған міндеттері осындай, – деді Ерлан Сайыр.
Кездесу барысында медициналық мекеме ұжымы қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жиынға қатысқан «Әділет» партиясының өкілдері әрбір азаматтың пікірі маңызды екенін айтып, сайлауда белсенділік танытуға шақырды.
#Қазақстан #Әділет #ӘділетПартиясы #ӘділеттіҚазақстан #ПартияӘділет

