23 тамыз – Қазақстанда тұңғыш Құрылтай депутаттарының сайлауы
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда жаңа жоғары өкілді заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Бұл саяси науқан барысында ел азаматтары партияларға дауыс беріп, алдағы жылдары мемлекеттің заң шығару қызметіне қатысатын өкілдерді таңдамақ, деп хабарлайды Altainews.kz.
Құрылтай – заңдар қабылдайтын, республикалық бюджетті бекітетін, Үкіметтің қызметіне бақылау жүргізетін және елдің стратегиялық маңызы бар мәселелерін қарайтын жоғары өкілді орган.
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын өткізу туралы Жарлыққа Мемлекет басшысы 2026 жылғы 1 шілдеде қол қойды. Осыған сәйкес дауыс беру күні 23 тамызға белгіленді.
Сайлау күні қазақстандықтар өздерінің тіркелген сайлау учаскелеріне барып, таңдаған саяси партиясына дауыс береді. Сайлау бюллетенінде жекелеген кандидаттардың аты-жөні емес, саяси партиялардың атаулары көрсетіледі.
Дауыс беруге 18 жасқа толған және сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Сайлау еліміздің барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелерінде, сондай-ақ шетелдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылатын учаскелерде ұйымдастырылады.
Құрылтайдың құрамы алдағы жылдары қабылданатын заңдарға, мемлекеттік шешімдерге және елдің даму бағытына тікелей ықпал етеді. Сондықтан алдағы сайлау – әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, ел болашағына үлес қосуына мүмкіндік беретін маңызды саяси науқан.

