ШҚТУ өкілі ШЫҰ Университеті форумында Қазақстан атынан баяндама жасады

 

Минск қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің білім министрлерінің X кеңесі аясында өткен ШЫҰ Университетінің конференциясы мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер университеттері ректорларының форумы өз жұмысын аяқтады.


Іс-шараға Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова бастап барды. Делегация құрамында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Басқарма төрағасы ректор Сәуле Рахметуллина болды.


Форум барысында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина Қазақстан Республикасы ШЫҰ Университеті Ұлттық ректоратының тапсырмасы бойынша Қазақстанның ШЫҰ Университетіне мүше жоғары оқу орындарының қызметі туралы жинақталған есепті ұсынып, білім беру, ғылым және академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.


Бүгінде Қазақстанның 23 жоғары оқу орны ШЫҰ Университетінің құрамына кіреді. Олар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, магистранттар мен докторанттарды даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және ШЫҰ-ның бірыңғай білім беру кеңістігіне ықпалдасу бағытында белсенді жұмыс атқаруда.


Ректорлар форумында университеттер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, желілік әріптестікті кеңейту, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру және экономиканың басым салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлау мәселелері талқыланды.


Қатысушылар ШЫҰ Университетінің білім беру кеңістігін цифрлық трансформациялау мәселелеріне ерекше назар аударды. Форумда академиялық ұтқырлықты дамытуға, университеттер мен зерттеушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформаны жетілдіру қажеттігі атап өтілді.


Іс-шара аясында ШЫҰ Университеті Ректорлар кеңесінің төрағасы, Ресей халықтар достығы университетінің президенті Владимир Филипповпен кездесу өтіп, ШЫҰ Университетінің қызметін одан әрі дамыту және университетаралық әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.


Форум қорытындысында қабылданған шешімдер мен бастамалар ШЫҰ кеңістігіндегі білім беру және ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ жаңа буын жоғары білікті мамандарды даярлауға серпін беретіні атап өтілді.


Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті үшін ШЫҰ Университеті қызметіне қатысу халықаралық байланыстарды кеңейтуге, ғылыми жобаларды дамытуға және жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялануға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып қала береді.


Бөлісу: Facebook Telegram Twitter