Қытайдағы келіссөздер: өңіраралық байланыстарға жаңа серпін берілді

Қытай Халық Республикасына жасалған жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Тарбағатай округінің өкілдерімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Тараптар инвестиция, өнеркәсіп, туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тарбағатай округі партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэймен кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстан мен Қытай – тату көрші, сенімді серіктес әрі жан-жақты стратегиялық одақтас мемлекеттер. Мемлекет басшылары арасындағы өзара сенім мен достық қарым-қатынастың арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Шығыс Қазақстан үшін Қытай маңызды серіктестердің бірі саналады. Әсіресе, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының шекаралас өңірлерімен қалыптасқан өзара байланыстардың маңызы зор, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Шығыс Қазақстан табиғи ресурстарға бай аймақтардың бірі болып саналады. Қазақстандағы су қорының 40 пайыздан астамы осы өңірде шоғырланған, бұл гидроэнергетика саласын дамытуға кең мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, облыста әлемдегі ірі кәсіпорындардың бірі саналатын Өскемен титан-магний комбинаты жұмыс істейді. Кәсіпорын өнімдері халықаралық авиация индустриясының көшбасшылары – Boeing мен Airbus компанияларына жеткізіледі. Қазақстандық титанның әлемдік нарықтағы үлесі шамамен 16 пайызды құрайды.

Кездесуде туризм саласындағы әріптестік мүмкіндіктері де сөз болды. Шығыс Қазақстанның бірегей табиғаты, көлдері, таулы аймақтары мен тарихи-мәдени мұрасы өңірде туризмнің түрлі бағыттарын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.

Өз кезегінде Чжи Сяньвэй инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендерін білдіріп, естелік сыйлықтар алмасты.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter