Туристік аймақтардың 72,7% интернетпен қамтылды – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында туристік нысандарды сапалы байланыспен және интернетпен қамту жұмыстары жалғасуда.
Өңірдің туристификация картасына сәйкес облыстағы 33 туристік локацияның 24-і бүгінде 3G/4G стандарты бойынша мобильді интернетпен және дауыс байланысымен қамтамасыз етілген. Бұл жалпы көрсеткіштің 72,7 пайызын құрайды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қалған туристік аймақтарды байланыс желісімен қамту мақсатында арнайы жол картасы бекітіліп, қазір ұйымдастыру және дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Басымдық берілген нысандар қатарында Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Садыркөл, Қаракөл, Шыбындыкөл және Айыр көлдері, Дұбығалы көлі мен Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы бар.
Сонымен қатар өңірде заманауи спутниктік байланыс технологияларын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Атап айтқанда, Дұбығалы су қоймасының жағалауында «Starlink» терминалдарын орнатып, көпшілікке арналған интернетке қолжетімділік нүктелерін ашу бойынша пилоттық жоба пысықталуда.
Мамандардың айтуынша, туристік нысандардың цифрлық қолжетімділігін арттыру туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, демалушылардың жайлылығын қамтамасыз етуге және Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
