ШҚО-да биыл 16 әлеуметтік нысанды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр
Сондай-ақ Өскемендегі облыстық Онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусының 1–3 қабаттарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жобаның дайындығы 80%. Аяқталуы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Өңірдегі маңызды жобалардың бірі - облыстық Ана мен бала орталығы стационары ғимаратын қайта жаңғырту. Қазіргі дайындық деңгейі 70%. Нысанды 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделген.
Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір жоба - ШҚО ауруханасы ғимаратының бір бөлігін жансақтау бөліміне бейімдеу жұмыстары. Нысан 100% дайын. Қазіргі уақытта баланс ұстаушыға өткізу кезеңінде.
Сонымен қатар Өскеменде 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Оның дайындығы әзірге 10%. Жобаны 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.
Алтай ауданы ауданаралық ауруханасы аумағында магниттік-резонанстық томография орналастырылатын ғимараттың құрылысы 97%-ға аяқталған. Толық аяқталуы 2026 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Зайсан ауданындағы Қаратал ауылында күніне 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы 89%-ға аяқталған. Нысанды толық аяқтау 2026 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Спорт нысандары да басым жобалар қатарында. Марқакөл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің дайындығы 64%. Нысанды осы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Үлкен Нарын ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің дайындығы 35%-ды құрайды. Аяқталуы 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені 98%-ға дайын. Жобаны биылғы төртінші тоқсанда аяқтау көзделуде. Өскеменде волейбол орталығының құрылысы да жалғасуда. Нысанның дайындығы 20%. Пайдалануға беру 2027 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған. Өңірдегі мәдениет саласындағы басым жобалардың бірі - Серебрянск қаласындағы №150 корпусты көпфункционалды кешенге қайта жаңғырту. Қазіргі таңда жоба 56%-ға орындалған. Толық аяқталуы 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Басым жобалар қатарында тағы төрт маңызды нысан бар. Жаңа Бұқтырмадағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіш аумағын абаттандыру жұмыстары 70%-ға аяқталған. Жобаны 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа Бұқтырма кентіндегі кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары 56%-ға орындалған. Аяқталуы осы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Өскемендегі Спорт, Нұрлы жол және 19 тұрғын ауданындағы 4-квартал шағынаудандарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасының дайындығы 70%-ды құрайды. Жобаны 2027 жылы аяқтау көзделген.
Ал Риддердің 5-шағынауданындағы 600 орындық мектепке тартылатын сыртқы инженерлік желілер, автотұрақтар мен жолдардың дайындығы әзірге 20% ғана. ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, толық қаржыландыру болған жағдайда жобаны 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.

