Қазақстанда Көрісу күні: Наурызнама онкүндігі басталды
Бүгін, 14 наурызда Қазақстанда Көрісу күні атап өтіледі. Бұл күн елімізде басталған жалпыұлттық Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні болып саналады.
Биыл 14–23 наурыз аралығында республика көлемінде Наурызнама онкүндігі өтеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бұл формат тарихи дәстүрлерді, мәдени іс-шаралар мен қоғамдық бастамаларды біріктіріп, ел бірлігін нығайтуға бағытталған.
Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өту бастамасы 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен бекітілген болатын. Онкүндік Наурызды тек бір күндік мереке ретінде емес, адамдардың жүздесіп, игі істер жасап, жаңарып, татулық пен келісімді нығайтатын кезең ретінде қабылдауға негізделген.
Биыл Наурызнама аясында еліміз бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Онкүндіктің әр күні қоғамдағы маңызды құндылықтарды дәріптейтін жеке тақырыптарға арналады.
Атап айтқанда:
14 наурыз – Көрісу күні
15 наурыз – Қайырымдылық күні
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
17 наурыз – Шаңырақ күні
18 наурыз – Ұлттық киім күні
19 наурыз – Жаңару күні
20 наурыз – Ұлттық спорт күні
21 наурыз – Ынтымақ күні
22 наурыз – Жыл басы
23 наурыз – Тазару күні
Көрісу күні – қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі. Оның мәні – қыстан аман шығып, жаңа кезеңге жеткеніне шүкіршілік ету, туыс-жақынмен, көрші-қолаңмен қауышып, татулық пен сыйластықты нығайту.
Бұл күні адамдар бір-бірімен арнайы барып амандасып, үлкендерге сәлем беріп, «Жасың құтты болсын», «Бір жасыңмен» сияқты ізгі тілектерін айтады. Сондай-ақ, өкпе-реніштер ұмытылып, адамдар бір-бірін қонаққа шақырып, қарым-қатынасты жаңғыртады.
Наурызнама онкүндігі аясында республика бойынша музейлерде, театрларда және мәдениет орталықтарында көрмелер, фестивальдер, театрландырылған қойылымдар, қайырымдылық акциялары мен мәдени-танымдық кездесулер ұйымдастырылады. Бағдарлама дәстүрлі мәдени форматтарды заманауи интерактивті шешімдермен ұштастырып, ұлттық мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған.
