Аманжолов университетінде Жаңа Конституцияны ғалыммен талқылады
Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Жаңа Конституциясын талқылау бойынша ғалыммен подкаст ұйымдастырылды. Іс-шара барысында конституциялық реформалардың алғышарттары, негізгі бағыттары және елдің одан әрі дамуына ықпалы кеңінен талқыланды.
Подкаст қонағы – конституциялық құқық саласының сарапшысы Гүлмира Байркенова. Ол Жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Сарапшының айтуынша, Жаңа Конституцияда билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті күшейтіп, саяси жүйенің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында «адамға бағдарланған Конституция» тұжырымдамасына ерекше назар аударылды. Бұл қағидат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуді және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруды көздейді. Сонымен қатар, азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейту – реформалардың басты бағыттарының бірі ретінде аталды.
Подкаст еркін пікір алмасу алаңына айналып, студенттер мен оқытушылар өз сауалдарын қойып, сараптамалық жауаптар алды. Университет ұжымы мұндай форматтағы кездесулер құқықтық мәдениетті арттыруға және қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға жол ашатынын атап өтті.
