ШҚО-да жаңа оқу жылы: үш мектеп ашылып, 9 037 бала бірінші сыныпқа қабылданды
Шығыс Қазақстанда жаңа оқу жылы үш мектептің ашылуымен басталды. Жаңа білім нысандары, мектептердің дайындығы, оқулықтар мен балаларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Алипбаев Жанғазы Жұмағазыұлы журналист сұрақтарына жауап берді.
— Мемлекет басшысының мектеп құрылысына қатысты пәрменінен кейін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов білім беру саласының мамандарына қандай міндеттер жүктеді?
— Негізгі міндеттердің бірі ретінде мектеп инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарын жалғастыру белгіленді. Осы бағытта 2026 жылғы 1 қыркүйекте Риддер қаласында, Самар және Қайнарлы ауылдарында жалпы сыйымдылығы 800 орын болатын үш мектеп пайдалануға берілді.
— Риддерде ашылған жаңа мектептің ерекшелігі неде?
— Риддер қаласының бесінші шағынауданындағы жаңа мектеп 600 оқушыға арналған. Мемлекеттік тілде білім беретін нысан «Қазцинк» ЖШС қаражаты есебінен салынды. Құрылыстың жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды.
Мектептің аумағы 10 мың шаршы метрден асады. Үш блоктан тұратын ғимаратта оқу кабинеттері, шеберханалар, кітапхана, ресурстық орталық және бастауыш сыныптарға арналған жеке аймақ орналасқан. Үлкен және шағын спорт залдары, 135 орындық акт залы, медициналық блок, логопед пен психолог кабинеттері, асхана жабдықталған. Аумақта футбол, волейбол және баскетбол алаңдары мен ұзындығы 250 метрлік жүгіру жолы бар. Биыл бірінші сыныпқа 60-тан астам бала қабылданды.
— Ауылдарда қандай жаңа білім нысандары жұмысын бастады?
— Самар ауылында кейінгі 40 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет жаңа бастауыш мектеп салынды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен бой көтерген екі қабатты ғимарат 150 оқушыға арналған. Оның жалпы аумағы шамамен 3,8 мың шаршы метрді құрайды.
Мұнда оқу кабинеттері, спорт залы, кітапхана, асхана, логопед кабинеті, шағын орталық және шағын футбол алаңы бар. Жаңа мектептің бірінші сыныбына 14 бала барды. Жалпы Самар ауданында 2026–2027 оқу жылында 172 бала бірінші сыныпқа қабылданды.
Марқакөл ауданының Қайнарлы ауылында шағын орталығы бар 50 орындық мектеп пайдалануға берілді. Білім нысаны қажетті оқу жабдықтарымен қамтамасыз етілген.
— Облыста тағы қанша мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр?
— Облыс әкімінің баяндамасындағы мәлімет бойынша, жалпы сыйымдылығы 350 орын болатын төрт білім нысаны салынып жатыр. Төрт жобаның жалпы құны шамамен 4 млрд теңгені құрайды.
— Жаңа оқу жылында облыс мектептерінде қанша бала білім алады?
— Шығыс Қазақстан облысында 347 мемлекеттік және 7 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Оларда 100 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл бірінші сыныпқа 9 037 бала қабылданды. Оның 5 089-ы қазақ тілінде, 3 948-і орыс тілінде оқиды. Білім беру ұйымдарында 11 580 педагог еңбек етеді.
— Мектептер оқулықтармен толық қамтамасыз етілді ме?
— Жаңа оқу жылына қажетті оқулықтарды сатып алуға 215 млн теңге бөлінді. Оларды білім беру ұйымдарына жеткізу 25 тамызға дейін толық аяқталды.
— Оқушыларды тегін тамақпен және қажетті киіммен қамтуға қанша қаражат қарастырылған?
— Бастауыш сыныптағы 47 751 оқушы мен әлеуметтік осал санаттарға жататын 7 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатқа 6,3 млрд теңге қарастырылған. Киім мен аяқ киімге мұқтаж 20 мың баланы қамтамасыз етуге 1 млрд теңге бөлінді.
— Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші қандай?
— Облыста 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Ал 2 мен 6 жас аралығындағы балалар бойынша бұл көрсеткіш 99,1 пайызға жетті. Екі жекеменшік балабақша ашылып, жұмыс істеп тұрған алты ұйым кеңейтілді. Соның нәтижесінде қосымша 350 орын құрылды. Әлеуметтік осал санаттарға жататын 5 239 бала мектепке дейінгі ұйымдарға тегін барады.
— Оқушылардың білім және қосымша білім беру бағытындағы нәтижелері қандай?
— Облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларда 181 медаль жеңіп алды. Өңірлік команда жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиадада үшінші орынды иеленді. Балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші 94 пайызды құрайды.
