Oskemen Hub өңірлік IT-орталығы халықаралық деңгейге шығып отыр

Oskemen Hub биыл халықаралық деңгейде де белсенді жұмыс істеді. Decentrathon 4.0 пен Solana хакатондары 19 қалада бір уақытта ұйымдастырылып, қатысушыларға кең ауқымды мүмкіндіктер берді. Astana Hub-пен серіктестік оқу курстарын ұсынса, Эстония елшісінің ресми келуі халықаралық ынтымақтастықты нығайтты. Бұл бастамалар өңірдегі жас IT-мамандар мен стартаптарға нақты жол ашып, цифрлық экожүйені жаңа деңгейге шығарып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биыл Oskemen Hub аймақтың IT-экожүйесін дамытуда белсенді рөл атқарды. Хаб жетекшісі Дидар Мұратұлының айтуынша, биылғы басты басымдықтар IT-білім беруді күшейту, жас мамандарды даярлау және өңірдегі стартап-экожүйесін нығайту болды. Осы бағытта жыл бойына 95-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, жас таланттар мен кәсіпкерлердің қатысуы кеңейтілді.
Хабта өткізілген іс-шаралар қатарында AI, NoCode/LowCode, киберқауіпсіздік, 3D-графика, AR/VR, мобильді әзірлеме бағыттары айрықша назарға алынды. Decentrathon 3.0/4.0, CodeMasters Hackathon 3.0/4.0, Solana Hackathon сияқты ірі жобалар өңірдегі IT-қозғалыстың басты драйверіне айналды. Сондай-ақ Startup Orda мен Startup Garage бағдарламалары арқылы елуден астам стартапқа қолдау көрсетіліп, жаңа жобаларды нарыққа шығаруға жағдай жасалды.
Oskemen Hub стартаптарға кешенді қолдау көрсетеді. Жобалар үшін жұмыс кеңістігі, тәжірибелі менторлар мен сарапшыларға қолжетімділік, Pitch Day, Pizza Pitch, Flowers Pitch сияқты тұрақты форматтар ұйымдастырылған. Сонымен қатар NoCode Bootcamp, AI Bootcamp және бизнес-модельдеу бойынша тренингтер арқылы стартаптар өз өнімдерін әзірлеп, нарыққа шығара алады.
Дидар Мұратұлының айтуынша, хабта жас кәсіпкерлерге арналған барлық негізгі сервистер мен қолдау бағдарламалары бар, бұл өңірлік IT-экожүйенің дамуына айтарлықтай серпін береді.
Жас IT-мамандар мен кәсіпкерлерді тарту үшін хаб жыл бойына хакатондар, митаптар, воркшоптар ұйымдастырды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында 30-дан астам іс-шара өткізіліп, 1 мыңнан астам білім алушы қамтылды. «Простор» лагеріндегі Bootcamp, Coding Skills олимпиадасы, Solana және Decentrathon хакатондары өңір жастарының қызығушылығын арттырды. Beeline, T-Bank, Kolesa Group, X Academy сияқты ірі компаниялардың мамандары қатысып, жастарға тәжірибе берді.
Oskemen Hub тек өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық және республикалық деңгейде де белсенді жұмыс істейді. Decentrathon 4.0 мен Solana хакатондары 19 қалада бір уақытта өткізіліп, қатысушыларға кең ауқымды мүмкіндіктер берді. Astana Hub-пен әріптестік қатысушыларға оқыту курстарын ұсынды, ал Эстония елшісінің ресми келуі халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтты. Мұндай бастамалар өңір экономикасына жаңа IT-мамандарды тартуға, стартаптарды дамытуға және цифрлық шешімдердің пайда болуына оң әсерін тигізді.
Oskemen Hub-тың биылғы жұмысы өңір жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, IT-өндіріс пен стартаптардың дамуына тың серпін берді. Дидар Мұратұлы атап өткендей, хаб тек технологиялық білім беруді қолдап қана қоймай, жас кәсіпкерлер мен IT-мамандар үшін толыққанды экожүйе құруға атсалысуда.
Фото: Александр Шушеньков
