ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН БЕЛЬГИЯМЕН КРИТИКАЛЫҚ МАҢЫЗДЫ МЕТАЛДАР САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ
Шығыс Қазақстан облысының делегациясы критикалық маңызды металдарды өңдеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Бельгиядағы жұмыс сапарын аяқтады. Делегация құрамына Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ өкілдері кірді.
Сапар қорытындысында бірлескен бастамалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу, қолданбалы зерттеулер жүргізу және технологиялармен алмасу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл жұмыс минералдық-шикізат қоры, дамыған металлургия өнеркәсібі және ғылыми-инженерлік әлеуеті бар Шығыс Қазақстан үшін ерекше маңызға ие.
Қазақстандық делегация түсті, сирек, бағалы және қайталама металдарды өңдеуде көпжылдық тәжірибесі бар бельгиялық Hydrometal S.A. және Campine NV компанияларымен келіссөздер жүргізді. Тараптар қазақстандық шикізатты өңдеу, технологиялық сынақтар өткізу және пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Еуропалық технологияларды Шығыс Қазақстан кәсіпорындарының жағдайына бейімдеуге, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға және өндірістің экологиялық жүктемесін азайтуға ерекше назар аударылды.
Өңір өкілдері 2–4 қыркүйекте Мехелен қаласында өткен ICHS 2026 циклдік гидрометаллургия жөніндегі II халықаралық симпозиумға да қатысты. SOLVOMET ұйымдастырған форум Еуропалық зерттеу кеңесінің және Horizon Europe бағдарламасы жобаларының қолдауымен өтіп, Еуропа, Азия және Солтүстік Американың ғылыми орталықтары мен өнеркәсіптік компанияларынан келген 200-ден астам өкілді біріктірді.
Симпозиумды қолдаған бастамалардың қатарында ШҚТУ қатысатын Horizon Europe бағдарламасының TiBeRIUM жобасы да бар. Жоба критикалық маңызды шикізатты жеткізудің орнықты тізбектерін қалыптастыруға және титан мен бериллийді өңдеудің экологиялық технологияларын дамытуға бағытталған.
Симпозиумда сирек жер элементтерін, литийді, кобальтты және басқа да критикалық маңызды металдарды өңдеудің заманауи шешімдері таныстырылды. Қатысушылар химиялық реагенттерді қайта пайдалануға, су мен энергия шығынын азайтуға және өндірістік қалдықтарды барынша қысқартуға мүмкіндік беретін технологияларды қарастырды.
ШҚТУ өкілдері KU Leuven ғалымдарымен жеке кездесу өткізіп, университетте құрылып жатқан Сирек жер элементтері орталығын дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және жоғары технологиялық салалар үшін кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.
Университеттің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Үлбі металлургиялық зауытының ынтымақтастығы ғылыми әзірлемелерді өндірістің нақты міндеттерімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Қол жеткізілген уағдаластықтар жаңа технологияларды енгізуге, шикізатты терең өңдеуге, кәсіпорындарды жаңғыртуға және Шығыс Қазақстанның кадрлық әлеуетін нығайтуға жол ашады.
Перспективада бұл жұмыс өңірде қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға және Шығыс Қазақстанның еліміздің жетекші ғылыми-өнеркәсіптік орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтуға ықпал етеді.
