#Шығыс Қазақстан
ШҚО-да орташа жалақы 438,7 мың теңгеге жетті
Вчера, 12:22
Шығыс Қазақстанда бірінші тоқсандағы орташа айлық жалақы 438 659 теңгені құрап, бір жыл ішінде 8,4 пайызға артты. Екінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз шамасында сақталды. Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы хабарлады.
1 шілдеге дейін 6 872 жұмыс орны ашылды. Оның 4 621-і – тұрақты. Кәсіпкерлікті қолдау аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,7 млрд теңгеге 167 жоба мақұлданды. «Ақ-Ниет» арқылы 94 бастамаға 578 млн теңге бөлінсе, «Өрлеу» аясында 6,2 млрд теңгеге 145 жоба қаржыландырылды.
Алты айда облыстың сыртқы сауда айналымы 2,9 млрд долларға жетті. Экспорт көлемі 1,8 млрд, импорт 1,2 млрд долларды құрады. Сауда балансының оң айырмасы 627,4 млн долларға тең. Экспорттың 59,1 пайызы металдар мен олардан жасалған өнімдерге тиесілі.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауар айналымы 1,2 млрд долларға жеткен. ШҚО-ның негізгі сауда серіктестері қатарында Ресей, Қытай, Қырғызстан және Түркия бар.
Маусым айында тұтыну бағалары былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда 5,4 пайызға өсті. Азық-түлік 5 пайызға, өзге тауарлар мен ақылы қызметтер 5,7 пайызға қымбаттады. Бағаның едәуір өсуі қой еті, қант, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары және тұрғын үйді күтіп ұстау қызметтерінде байқалды.
