ШҚО-да бұрын-соңды болмаған жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Өскемен / Қоғам 16-08-2025, 10:23

Биыл Шығыс Қазақстанда жолдар жаппай жөнделіп жатыр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, осы жылы барлығы 960 шақырым жол жөнделді. Бұл жұмыстарға түрлі көздерден шамамен 83 миллиард теңге бөлінген. Жыл соңына дейін соның ішінде 856 шақырым жол пайдалануға берілмек.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраровтың айтуынша, бұл – өңір үшін өте маңызды әрі жүйелі өзгерістер кезеңі.

– Жолдарды жаңғыртуда ауыл жолдары да ұмыт қалмай отыр. Биыл ауданаралық бағыттар мен ауылішілік көшелерді қамтитын 355 шақырым жол жөнделмек. Оның ішінде облыстық маңызы бар 231 шақырым жол 16 жоба аясында, аудандық деңгейдегі 75,4 шақырым жол 9 жоба аясында, 48,6 шақырым көше жолдары 35 жоба аясында жөнделеді, – дейді ол. – Былтыр алғаш рет асфальт төселген 11 ауылдың қатары биыл тағы 15 ауылмен толығатын болады. Атап айтқанда, Катонқарағай ауданының Коробиха, Глубокое ауданының Быструха, Күршім ауданының Алғабас, Самар ауданының Көкжота, Зайсан ауданының Сарытерек, Алтай ауданының Зубовск ауылдарында жол сапасы жаңарып, асфальт төселеді.

Бүгінгі таңда облыстың әлеуметтік маңызы бар 157 маршрутында жолаушылар тасымалы жүзеге асуда. Бұл – өңір халқының 75%-ын автобуспен қамтып отырған жүйе. Осы жылдан бастап ауылдарға қатынайтын 15 бағыт толық жаңартылып, Өскеменнен Зайсанға, Күршімге, Алтайға, Шемонаихаға (Верх-Уба арқылы), Бозанбайға, Жаңа Үлбіге бағыттар қайта ашылды.

Бұл маршруттарды жаңарту – облыс тұрғындарының сұранысы мен әлеуметтік қажеттіліктеріне негізделген шешім.

Маршруттарды үздіксіз қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан қолдау да қарастырылған. Жолаушылар тасымалын субсидиялау Инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығына сәйкес жүзеге асады. Бұл – тарифтерді ұстап тұру және тасымалдаушылардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тетік. Қазіргі тарифпен автобус жүргізу тиімсіз болса, бағыттар тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет тарапынан субсидия беру – әлеуметтік әділеттіліктің бір көрінісі.

– Облыс аумағында бүгінгі таңда 1 автовокзал, 5 автобекет және 5 қызмет көрсету пункті тұрақты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Өскемен қаласында ONAY автоматтандырылған төлем жүйесі енгізілген. Бұл электронды билеттер, карта арқылы төлем және тасымалдың ашықтығы сияқты көрсеткіштерді қамтамасыз етеді.

Жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу шаралары кешенді түрде жүзеге асуда. Атап айтқанда апатты учаскелерде полиция патрульдері көбейтілді, жол жиегіне стробоскоптар мен патруль көліктерінің макеттері қойылды, жолшылар шұңқырларды уақытылы жамап, белгілерді жаңартып, жол жиегіндегі шөпті шауып тұрады, ірі елді мекендердің шыға берісіне 4 электронды LED-тақта орнатылып, жүргізушілерге ауа райы және жол жағдайы туралы жедел ақпарат берілуде.

– Облыс бойынша қысқы мезгілге дайындық та ерте басталды. Барлығы 782 қар тазалайтын техника дайындалған. Оның ішінде республикалық жолдарда 100 («Казавтожол»), облыстық жолдарда 119 («ОблШығысЖол» ЖШС), аудандық және ауылішілік жолдарда 563 техника жұмыс істейтін болады. Қыс айларында күніне 150-200 техника қар тазалауға шығады. Сонымен қатар қарашаның 1-інен бастап тәулік бойы диспетчерлер кезекшілігі ұйымдастырылады. Ауа райы нашарлаған жағдайда полиция бекеттері қойылып, жол жабылғаны туралы ақпараттар SMS және Darmen қосымшасы арқылы жіберіледі, – дейді басқарма өкілі.

Бүгінгі таңда облыстық бюджеттен бөлінген қаражат жеткілікті. Дегенмен, қосымша қажеттілік туындаған жағдайда бұл мәселе облыстық мәслихаттың сессиясында қаралатын болады.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар