Шетелдік туристер үшін жаңа мүмкіндіктер: елімізде көші-қон ережелері жеңілдетілді
Қазақстан қонақжайлылығымен ғана емес, шетелдік қонақтар үшін ыңғайлы әрі заманауи көші-қон жүйесімен де танылып келеді. Соңғы өзгерістер елге кіру, тұру және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жеңілдетіп, жаңа деңгейге көтерді.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі бөлімінің мамандары хабарлағандай, енді елімізге 30 тәулікке дейін келетін шетелдік азаматтарға уақытша тіркеу рәсімінен өту міндеттелмейді. Бұл туристердің уақытын үнемдеп қана қоймай, қабылдаушы тарапқа да онлайн қызметтердің артықшылықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, уақтылы хабарлама берілмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Бүгінде 85 елдің азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Оның ішінде 51 ел – біржақты тәртіпте, 34 ел – екіжақты келісімдер негізінде.
Бұл тізім Қазақстанды халықаралық туризм орталығы ретінде нығайтуға айтарлықтай әсер етуде.
Шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында QR-коды бар туристік карталар енгізілді. QR-кодты сканерлегенде пайдаланушы SAFETRAVEL.KZ порталына өтеді. Онда келесі ақпарат ұсынылған: қауіпсіздік бойынша ұсынымдар; «102» мобильді қосымшасы арқылы полицияны шақыру және нақты орынды анықтау мүмкіндігі; байланыс операторлары, SIM-карталар, такси қызметтері және басқа да пайдалы сервистер жайлы мәлімет.
Портал қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жұмыс істейді, бұл көптілді ортада байланыс орнатуды жеңілдетеді.
Қазақстанда тұрақты тұруды қалаған шетел азаматтары тиісті рұқсатты алып, кейіннен ҚР азаматтығын алуға өтініш бере алады. Биыл Шығыс Қазақстанға 8700 шетелдік келгені де өңірдің туристік және іскерлік тартымдылығын айғақтайды.
Көші-қон қызметі Қазақстан азаматтарына да маңызды ережелерді еске салады. Егер ҚР азаматы басқа елдің азаматтығын алса, 30 күн ішінде Қазақстан паспортын тапсырып, азаматтықтан шыққанын тіркеуі тиіс; азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша міндетті түрде тіркеуге тұруы қажет.
Қазақстан өз қонақтарына ашық әрі қауіпсіз ел болуды мақсат етіп, көші-қон рәсімдерін жеңілдетіп қана қоймай, туристерге қажетті заманауи сервистерді де ұсынуда.
