Өскемендік кәсіпкердің стартапы 75 миллион долларға бағаланды

Өскемен 8-07-2025, 12:31

Grand Mobile компаниясы Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркіне кіретін Astana Hub Ventures венчурлік қорынан 750 мың доллар инвестиция тартқанын жариялады. Келісім компанияны 75 миллион долларға бағалау негізінде жасалды.

Бұл серіктестік Grand Mobile компаниясының жаһандық позицияларын күшейту және халықаралық нарыққа шығу үдерісін жеделдетуге бағытталған ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігіне айналды.

Grand Mobile — қазақстандық Grand Games геймдев студиясы әзірлеген ашық әлемдегі мобильді онлайн-ойын. Қазіргі уақытта ойын 60 миллионнан астам жүктелген, ал ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 5 миллионнан асады. Жобаны 27 жастағы Өскемендік кәсіпкер, «30 жасқа дейінгі 30 үздік» рейтингіне енген Роман Линейцев жасаған.

«Шын мәнінде, біз қаржыландыруды бірнеше ай бұрын-ақ тарттық. Инвестицияны мәжбүрлілік емес, стратегиялық қадам ретінде қарастырдық, — дейді Grand Mobile негізін қалаушы Роман Линейцев. — Astana Hub Ventures – бұл тек капитал емес. Бұл – бірегей салалық сараптама, жүйелі масштабтау тәжірибесі, халықаралық байланыстар мен қуатты экожүйеге қолжетімділік. Мұндай серіктестік бізге үлкен мақсаттарға жылдам әрі тұрақты жетуге мүмкіндік береді».

Astana Hub Ventures-пен серіктестік Grand Mobile-ға кең көлемді ресурстар мен мүмкіндіктерге жол ашады. Олардың қатарында: халықаралық акселерациялық бағдарламаларға қатысу, MENA өңірі, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Шығыс Еуропа нарықтарына шығу, сондай-ақ өнімді масштабтаудағы стратегиялық қолдау бар.

Компанияның алдағы кезеңдегі басты мақсаты — жаңа нарықтарға шығу және халықаралық аренадағы позициясын күшейту. Тартылған инвестициялар негізгі өнімді дамытуға, команданы кеңейтуге және ТМД-дан тыс нарықтарда маркетингтік кампанияларды іске қосуға бағытталады.

«Біз Astana Hub Ventures қорын іске қосқанда, инвестиция – жай көмек емес, стратегияның жалғасы болуы керек деген ұстанымда болдық. Grand Mobile – өнімін халықаралық нарықта дәлелдеген мықты команда. Біздің мақсатымыз – осындай компаниялар ел ішінде орнығып, масштабталып, жаңа салалардың негізін қалауы. Grand Mobile-дың астана емес, өңірде пайда болғаны – ерекше құнды. Бұл — үлкен әлеуетке ие жобалар елдің кез келген нүктесінде туындай алатынын дәлелдейді. Бастысы – амбиция, өнім және оны қолдайтын экожүйе болу керек. Мұндай мысалдар Қазақстанның бақылаушы емес, жаһандық процестерге толыққанды қатысушы бола алатынын көрсетеді», — деп атап өтті CEO Astana Hub  Мағжан Мадиев.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар