Өскеменде «Jas Keñes Siyligi-2025» сыйлығының жаңа кезеңі таныстырылды
Өскемен
2-07-2025, 12:22

Қазақстанда жастардың еңбегі мен жетістіктерін дәріптеуге бағытталған «Jas Keñes Siyligi» тәуелсіз жастар сыйлығы биыл жаңа форматта жалғасуда. Байқау еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінің түрлі салаларында өз кәсібінде жоғары нәтижеге жеткен, 35 жасқа дейінгі белсенді жастарды қолдауға бағытталған. Бұл туралы
ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Бақытжан Ерболқызы Өңірлік коммуникациялар алаңында мәлімдеді.
Биылғы жылы жобаның ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп отыр. Өткен жылы 7 номинация ұсынылса, биыл олардың саны 10-ға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, жаңа бағыттар енгізілді. Енді байқауға жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустриялар және атом өнеркәсібі салаларының жас мамандары да қатыса алады.
Жаңа номинациялар тізімі мыналарды қамтиды:
• «Janqıarlyq» – ішкі істер органдары мен қарулы күштер қызметкерлеріне;
• «Altyn jürek» – дәрігерлер мен орта және кіші медицина қызметкерлеріне;
• «Önerkäsıp» – өңдеу өнеркәсібі, тау-кен-металлургия кешені және өзге өндірістік сектор өкілдеріне;
• «Bolaşaq turaly qamqorlyq» – инклюзивті оқу орталықтары мен әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері қызметкерлеріне, сондай-ақ волонтерлерге;
• «Bılım jäne Ğylym» – білім беру ұйымдарының педагогтеріне, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге;
• «Qaisar» – авариялық-құтқару қызметі мен азаматтық қорғаныс жүйесінің қызметкерлеріне;
• «Altyn qol» – жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету саласындағы мамандарға;
• «Zharyq» – энергетика, мұнай-газ және атом өнеркәсібі салаларының қызметкерлеріне;
• «Örken» – агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өндірісі саласындағы мамандарға;
• «Örleu» – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және креативті индустриялар өкілдеріне арналған.
Байқауға қатысу шарттары өзгеріссіз қалды: үміткерлердің жасы 35-тен аспауы тиіс (35 жас қоспағанда). Өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 20 маусым мен 20 шілде аралығында жүргізіледі. Қатысушылар өтініштерін онлайн түрде www.jas-kenes.kz/application сайтында тапсыра алады.
Айта кетейік, конкурс үш кезеңнен тұрады. Қорытындысында әр номинация бойынша екі жеңімпаздан, жалпы саны 20 жеңімпаз анықталады. Жүлде қоры – 20 миллион теңге, әр жеңімпазға 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сый табысталады.
Өткен жылғы байқау жеңімпаздарының бірі, «Өнеркәсіп» номинациясының иегері Ернұр Токушев бүгінде «Өскемен ЖЭО» ЖШС-нің аға машинисі болып еңбек етеді. Ол өзінің кәсіби тәжірибесі мен байқауға қатысу барысы туралы ой бөлісіп, жас мамандарды белсенділік танытып, өз мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
Сыйлықтың бас серіктесі әрі демеушісі – «Brave Talents» компаниясы.
Жобаның толық ережелері мен байқауға қатысу шарттары туралы мәліметті www.jas-kenes.kz сайтынан алуға болады.