ШҚО: Дидахмет Әшімханұлын еске алуға арналған зияткерлік дода - рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі

Катонқарағай ауданында көрнекті жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдық мерейтойына арналған тағылымы терең, танымдық “Этнокуиз” зияткерлік сайысы өтті, деп Катон-Қарағай аудандық әкімдігіне сілтеме жасай отыра Altainews.kz тілшісі хабарлайды.
Шараның басты мақсаты – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қаламгер шығармашылығын дәріптеу, жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтар мен тарихи танымды сіңіру, мәдени мұраға деген қызығушылықты ояту болды.
Зияткерлік додаға Шығыс Қазақстанның әр түкпірінен жиналған командалар қатысып, білім мен тапқырлықтарын сынға салды. Сайыс барысында қатысушыларға этнография, әдебиет, тарих пен мәдениетке қатысты мазмұнды сұрақтар қойылып, ұлттық болмыс пен дүниетаным терең зерделенді.
Тартысты бәсеке нәтижесінде “Арайлы Катонқарағай” тобы үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Өскемен қаласынан келген “Бұқар жырау” тобы екінші орынға, ал Самар ауданының командасы үшінші орынға ие болды.
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.⠀
Руханият пен ұлт тәрбиесін ұштастырған бұл игі шара Дидахмет Әшімханұлы есімін ұлықтаудың ғана емес, жас буынға ұлт болмысын сіңіретін маңызды баспалдаққа айналды.