Жастарға арналған тұрғын үй: жеңілдетілген ипотека бағдарламасына сұраныс артып отыр

Жұмыс істейтін жастар үшін қолға алынған жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына қызығушылық жоғары. Бағдарламаға жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жастардың 81 пайызы өтініш білдірген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда елдің 17 өңірінде «Отбасы банкімен» бірлескен жастарға арналған жеңілдетілген ипотека бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарламаның басты артықшылығы — бастапқы жарнаның 10–20% көлемінде ғана болуы және жылдық мөлшерлеменің өңірге байланысты 5–9% аралығында белгіленуі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бағдарлама аясында «Отбасы банк» АҚ-ның филиалдарына 2026 адам жүгінген. Бұл — бұрынғы жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың 81 пайызына тең көрсеткіш.
Қазіргі таңда олардың ішінен:
647 адамға несие берілді;
321 адам пәтер іздеуге кірісті;
Қалған азаматтардың төлем қабілеттілігі тексеріліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама жастарды жалдамалы пәтерден меншікті баспанаға көшуге ынталандырып отыр. Сонымен қатар, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру арқылы әлеуметтік тұрақтылықты да қамтамасыз ету көзделген.
Фото: depositphotos.com