Өскеменде "1941 жылдың жазы" фильмі көрсетілді
Өскемен
9-05-2025, 15:19
0

Өскемен қаласында "1941 жылдың жазы" атты отандық фильмнің көрсетілімі өтті. Режиссер Бекболат Шекеровтің әскери драмасы партизан Әди Шәріповтің 110 жылдығына арналды. Фильмнің көрсетілімі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Фильм шынайы оқиғаларға негізделген: Әди Шәріповтің – Саша Казах атымен танылған партизанның алғашқы ұрысынан бастап, Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында қоршауда қалып, Беларусь ормандарында партизан болғанға дейінгі жауынгерлік жолы баяндалады. Фильм қаһарман қазақ туралы, сондай-ақ ауыр жағдайда фашистерге қарсы Беларусь ормандарында күрескен оның қарулас партизандары туралы сыр шертеді.
– Маған фильм өте ұнады. Актерлік құрамы жақсы таңдалыпты, кейіпкерлері сенімді әрі оқиға желісі шынайы көрсетілген. Фильм өте әсерлі және қызықты шыққан, – деп бөлісті көрермен Дмитрий Мартынов.
– Маған фильм ерекше ұнады. Барлық актерлер партизан жасақтарында майданда шайқасқандай әсер қалдырды – өте шынайы ойнады. Әсіресе, ұрыстардың көріністері және Әди Шәріповтің өз жерлесін кездестірген сәті ұнады. Ол да партизан жасағын құрған екен. Бостандық үшін күрескен қазақстандық батырлардың ерлігі – баға жетпес, – деді Алмас Жұмағалиұлы.
– Бұл – сұрапыл соғыстың енді ғана басталған кезеңін бейнелейтін керемет әскери фильм. Ол соғыстың жылдарға созылатынын ешкім елестете де алмады. Мұндай тамаша туындыны қазақстандық режиссердің түсіргені қуантарлық жағдай, – деді Дарья Палатова.
– Біз жарқын болашағымыз үшін жанын қиған батырларды әрдайым естен шығармауымыз керек, оларды құрметпен еске алу – біздің борышымыз. Бұл фильм түрлі ұлт өкілдерінің фашист басқыншыларына қарсы күрестегі ерлігін керемет көрсетеді. Отанымыз бен болашағымыздың тыныштығы үшін жанын қиғандардың рухына мәңгілік тағзым! Майданда және партизан қатарында соғысқан барлық жандар өз отбасын, елін қорғау үшін өмірлерін құрбан етуге дайын болды, – деді Салтанат Бекенқызы.