Өскеменде екі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

Шығыс Қазақстанда көктемгі маусым дәстүрлі түрде жергілікті тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерімен басталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін, сенбі күні Өскемен қаласында жәрмеңкелер бірден екі жерде ұйымдастырылды. Назарбаев даңғылы бойында, Достық үйінің жанында таңертеңнен бастап сауда қызып тұр. Мұнда жергілікті өндірушілер сүт өнімдерін, фермерлік ет пен шұжықтарды, бал, құрт, іріктелген көкөністер мен жемістерді саудаға шығарған. Таңдау мол, баға – қолжетімді, ең бастысы – өнім тікелей өндірушіден тұтынушыға делдалсыз жеткізіліп отыр.
Екінші алаң «Алтай» көтерме-үлестіру орталығының аумағында (Жібек жолы көшесі, 44) ашылды. Бұл жерде жәрмеңкенің көшін Шемонаиха ауданындағы шаруашылықтар бастап тұр. Аталған аудан – облыстың ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аймақтарының бірі. Мұнда мал шаруашылығы мен бақ шаруашылығы қатар өркендеп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жүйелі түрде мән беріліп келеді.
Фермерлердің айтуынша, мұндай жәрмеңкелер – тек сауда орны ғана емес, сонымен қатар өңірлік брендті ілгерілету, ауыл шаруашылығының әлеуетін көрсету мүмкіндігі. Олар бұл арқылы Шығыс Қазақстанда сапа, тұрақтылық пен экспорттық әлеует бар екенін дәлелдегісі келеді.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері бүгінде облыс орталығының ажырамас бөлігіне айналды. Мұндай шаралар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Сонымен бірге, қала тұрғындарына табиғи әрі таза өнімге қолжетімділік береді. Ең бастысы – ауылдағы шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Жәрмеңкелер Өскемендегі осы екі орында сағат 15.00-ге дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын жергілікті өнімді таңдап, отандық фермерлерге қолдау көрсетуге шақырады.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет