«Мергендер» 11 мыңнан астам ереже бұзу дерегін анықтады

Шығыста жолдағы тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке баса назар аударылып келеді. Жол бойындағы бақылау құралдарының көбеюі, маскүнемдікпен күрес және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – мұның бәрі өңірдің тыныштығын сақтау үшін қолға алынған маңызды шаралардың бір бөлігі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін өңірде ауқымды жұмыстар қолға алынған. Автожолдардың ақаулары анықталып, жаңа жол белгілері мен арнайы стробоскоптар орнатылуда. Жол бойында патрульдік автокөліктер мен жануарлардың макеттері де пайда бола бастады. Сонымен қатар Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылып жатыр. Бүгінде орнатылған 207 бейнекамера арқылы 11 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталғаны белгілі болды.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар да жіті бақылауға алынуда. «Жасөспірім», «Каникул», «Түнгі қаладағы балалар», «Профилактика» сияқты іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінде 107 жасөспірім мен 196 баланың тәрбиесі мен оқуы үшін жауапты ата-аналар есепке алынған. Жазғы демалыс кезеңінде де балалардың қауіпсіздігі басты назарда болады.
Фото: pixabay.com