Өскеменде қасбеттер мен маңдайшаларды безендірудің бірыңғай ережелері әзірленіп жатыр

Өскеменде қала қасбеттерін безендіру, маңдайшаларды орналастыру және көшелердің бірыңғай визуалды келбетін қалыптастыруға бағытталған дизайн-код әзірлеу жұмыстары басталды. Құжатта маңдайшалардың өлшеміне, түсіне, қолданылатын материалдарға, жарықтандыруға және орналастыру тәртібіне қойылатын талаптар белгіленеді. Әзірге жұмыс талдау кезеңінде. Мамандар қолданыстағы құрылыс нысандарын, ғимараттардың жағдайын және қалалық ортаның ерекшеліктерін зерттеп жатыр.



Дизайн-кодты әзірлеу заңнамадағы өзгерістермен қатар жүргізілуде. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда маңдайшаларды орналастыруды келісу бойынша мемлекеттік қызмет іске қосылды. Енді кәсіпкерлер тиісті келісімді әкімдік арқылы немесе электрондық үкімет порталының көмегімен рәсімдей алады. Дегенмен жаңа тәртіп пен әзірленіп жатқан дизайн-код өзара байланысты болғанымен, реттеу тетіктері жағынан екі бөлек құрал болып саналады.


Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың айтуынша, облыс орталығында құжатты әзірлеудің алғашқы кезеңі жүргізілуде. Оның негізгі мақсаты – қазіргі жағдайды бағалап, қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастырудың алдағы бағыттарын айқындау.


2026 жылғы 1 қазаннан бастап кәсіпкерлер маңдайшаларды орналастыруды келісу бойынша мемлекеттік қызметті пайдалана алады. Оны көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 20 сәуірдегі № 197 бұйрығымен бекітілген. Қызметті алу үшін өтініш беріп, маңдайшаның эскизін ұсыну қажет. Құжаттар жергілікті атқарушы органның кеңсесі арқылы немесе eGov электрондық үкімет порталы арқылы қабылданады. Портал арқылы өтініш берген кезде оған электрондық цифрлық қолтаңба қойылып, эскиздің электрондық көшірмесі тіркеледі. Жеке басты куәландыратын құжат туралы мәліметтерді уәкілетті орган мемлекеттік цифрлық жүйелерден алады.
Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Құжаттарды қарау мерзімі – төрт жұмыс күні. Нәтижесінде кәсіпкерге эскизді келісу туралы жауап немесе дәлелді бас тарту беріледі.


Өтінішті қарау кезінде ұсынылған құжаттардың дұрыстығы және маңдайшаның заңнама талаптарына, соның ішінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңға сәйкестігі тексеріледі. Сонымен қатар ғимарат қасбетінің фотосуреті, фотомонтаж немесе маңдайшаның ғимаратта қалай көрінетінін көрсететін визуализация міндетті құжаттар тізіміне кірмейді. Алайда кәсіпкер нысанды қай жерге орналастыруды жоспарлап отырғанын нақты көрсету үшін мұндай материалдарды қосымша ұсына алады.


Айта кету керек, маңдайша эскизін ұсыну міндеті жаңа мемлекеттік қызмет енгізілгенге дейін де заңнамада қарастырылған. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның 21-бабына сәйкес, кәсіпкер маңдайшаның орналасатын жері туралы мәлімет беріп, оның эскизін ұсынады. Ал жергілікті атқарушы орган анықталған ескертулерді жою туралы міндетті талаптар жолдауға құқылы. Жаңа мемлекеттік қызмет құжаттарды тапсыру мен қараудың жеке тәртібін белгілейді. Алайда әзірге маңдайшаның сәулеттік шешімін, ғимараттың сыртқы келбетіне сәйкестігін және басқа да сәулет-қала құрылысы параметрлерін жеке тексеру кезеңі қарастырылмаған. Алдағы уақытта дизайн-код бекітілгеннен кейін бұл талаптар өзгеруі мүмкін.


Маңдайшаны келісуден бас тарту туралы шешім нақты фактілер мен құқықтық негіздерге сүйене отырып берілуі тиіс. Бас тартуға ұсынылған құжаттардың шынайы болмауы, тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес келмеуі, қажетті сараптама немесе тексерудің теріс қорытындысы, сондай-ақ қағидаларда көзделген сот тыйымдары мен шектеулері негіз болуы мүмкін.


«Бас тарту негіздеріне ұсынылған құжаттардың дұрыс болмауы, тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес келмеуі, қажетті сараптама немесе тексерудің теріс қорытындысы, сондай-ақ қағидаларда көзделген сот тыйымдары мен шектеулері жатады», – деді Руфат Акрамов.
Егер кәсіпкер қабылданған шешіммен келіспесе, оған шағым түсіруге құқылы. Қызмет көрсетуші органға тікелей түскен шағым бес жұмыс күні ішінде қаралады. Ал шағымдарды қарауға уәкілетті органға жолданған өтініштер бойынша мерзім 15 жұмыс күнін құрайды.


Заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік мәселесі де маңызды. № 197 қағидада маңдайшаны келісімсіз орналастырғаны үшін жеке айыппұл қарастырылмаған. Жауапкершілік нақты құқық бұзушылықтың сипатына және заңнаманың тиісті нормаларына сәйкес белгіленеді.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабына сәйкес, деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру талаптарын алғаш рет бұзған жағдайда ескерту беріледі. Ал бір жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 5 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.


Сонымен қатар жаңа қағидалар 2026 жылғы 1 қазанға дейін орнатылған барлық маңдайшаны қайта келісуді міндеттемейді. Яғни мемлекеттік қызметтің енгізілуі қолданыстағы әрбір дүкен немесе сауда нысаны өз маңдайшасын қайта рәсімдеуі керек дегенді білдірмейді. Дегенмен бұрыннан орнатылған конструкциялар ақпараттың мазмұнына, тіліне, орналасу орнына, абаттандыру қағидаларына және басқа да міндетті нормаларға қатысты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес болуы тиіс.


Егер жаңа мемлекеттік қызмет маңдайшаларды келісу рәсімін реттесе, дизайн-код қалалық ортаның визуалды келбетіне қойылатын талаптарды кеңінен қамтиды. Оны әзірлеу тәртібі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 22 мамырдағы № 256 бұйрығымен бекітілген дизайн-кодты әзірлеу және бекіту қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Құжат 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген. Дизайн-код тек маңдайшаларды ғана емес, ғимараттардың қасбеттерін безендіруді, жарнамалық және ақпараттық конструкцияларды орналастыруды, сыртқы жарықтандыруды, абаттандыру элементтерін және қалалық ортаның басқа да құрамдас бөліктерін қамтуы тиіс.

Алғашқы кезеңде мамандар Өскеменнің сәулеттік келбетін зерттеп, қасбеттер мен қолданыстағы ақпараттық конструкциялардың жағдайын талдайды. Әсіресе құрылыс нысандарының сәулеттік тұтастығы бұзылған немесе визуалды жүктеме шамадан тыс жоғары аумақтарға назар аударылады.

«Өскеменде қалыптасқан құрылыс нысандары, қасбеттер мен ақпараттық конструкциялардың жағдайы зерттеліп жатыр. Сондай-ақ композициялық тұтастығы бұзылған және визуалды жүктемесі жоғары учаскелер анықталып, түстер, материалдар мен жарықтандыру ерекшеліктері бағалануда», – деп түсіндірді Руфат Акрамов.


Жұмыс қорытындысы бойынша қасбеттерді безендіру мен маңдайшаларды орналастыруға қойылатын талаптар әзірленеді. Құжатта түс үйлесіміне, әрлеу материалдары мен жарықтандыруға қатысты ұсынымдар, сәулеттік шешімдердің үлгілері және стандарттардың графикалық альбомы қамтылады.


Осылайша, қалада жүйелі тәсілге көшу жоспарланып отыр. Бұл ретте коммерциялық нысандарды безендіру кезінде тек маңдайшаның өзіне қойылатын талаптар ғана емес, ғимараттың сәулеті, көшенің ерекшелігі және айналасындағы құрылыс нысандарының жалпы сипаты да ескеріледі.
Әзірге Өскеменнің дизайн-кодына енгізілетін нақты параметрлер анықталған жоқ. Олар құжатты әзірлеу және бекіту жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.


«Маңдайшаның қасбет сәулетіне сәйкестігі маманның субъективті эстетикалық пікірі негізінде ғана емес, нақты елді мекеннің бекітілген дизайн-коды мен заңнаманың басқа да қолданыстағы талаптарына сәйкес бағалануы тиіс», – деп атап өтті Руфат Акрамов.
Сонымен қатар жаңа стандарттар бекітілгеннен кейін кәсіпкерлерге бұрыннан орнатылған маңдайшаларды өзгерту қажет бола ма деген мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр. Қолданыстағы конструкцияларды дизайн-код талаптарына сәйкестендіру үшін өтпелі кезең қарастырыла ма, бұл да әзірге нақтыланбаған.


Бірыңғай визуалды келбетті қалыптастыру жұмыстары Шығыс Қазақстан облысының басқа елді мекендерінде де жүргізілуде. Зайсанда дизайн-код жобасы әзірленіп жатыр. Ал Катонқарағай мен Берелге арналған жобаларды аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімімен жасалған шарт негізінде «Урбан-Бюро 727» жеке кәсіпкерлігі дайындаған. Қоғамдық талқылаулар 2026 жылғы 28 қыркүйекте өтті. Қазір құжаттар бекіту сатысында.


Алдағы уақытта дизайн-код қалалық ортаны ретке келтіріп, оның визуалды тұтастығын сақтауға мүмкіндік беретін құралға айналуы тиіс. Бұл тұрғындар үшін көшелердің үйлесімді келбетін қалыптастырса, кәсіпкерлерге коммерциялық нысандарды безендірудің түсінікті әрі бірыңғай ережелерін ұсынуға мүмкіндік береді.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter