Зейнетақы тағайындауда еңбек өтілі қалай есептеледі?
Биыл елдегі зейнетақы жүйесінде бірқатар өзгеріс енгізілді. Зейнетақы төлемдері өсті, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жалғасып, азаматтардан талап етілетін құжаттар саны біртіндеп азайып келеді. Зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі қалай есептеледі? Қандай кезеңдер өтілге қосылады және болашақ зейнеткерлер құжаттарын қашаннан бастап дайындағаны жөн? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Наталья Литке Өңірлік коммуникациялар қызметіне берген сұхбатында жауап берді.
– Наталья Викторовна, биыл зейнетақы төлемдерінде қандай өзгерістер енді?
– 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық бюджет туралы заңға сәйкес зейнетақы төлемдері 10 пайызға өсті. Ең төменгі жасына байланысты зейнетақы 62 771 теңгеден 69 049 теңгеге дейін көтерілді.
Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды. Бұл күнкөріс деңгейінің 70 пайызына сәйкес келеді. Ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 118 пайызына дейін ұлғайып, 60 005 теңгеге жетті.
– Зейнетақы рәсімдеу кезінде азаматтардан бұрынғыдай көп құжат талап етіле ме?
– Қазір қажетті мәліметтердің едәуір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы алынады. Соның арқасында азаматтың өзі жинап, ұсынуы қажет құжаттардың саны біртіндеп азайып келеді.
Департамент 2026 жылдың тоғыз айында 25 367 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде 4 698 қызмет жасына байланысты зейнетақыға, 5 253 қызмет мемлекеттік базалық зейнетақыға қатысты. Бұл көрсеткіштердің артында мемлекеттік қолдауды уақытында алуы тиіс нақты адамдар тұрғанын ескеру қажет.
– Қазіргі зейнетақы жүйесінде ынтымақты зейнетақы кімдерге тағайындалады?
– Қазақстанның зейнетақы жүйесі көп деңгейлі. Аға буын өкілдері үшін оның негізгі бөлігінің бірі – ынтымақты зейнетақы. Оны тағайындаудың басты шарты – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай ресми еңбек өтілінің болуы.
Ынтымақты зейнетақының мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілінің ұзақтығына және 1998 жылдан бастап қатарынан кез келген үш жылдағы табысқа байланысты есептеледі.
– Адам жұмыс істемеген кезеңдердің барлығы еңбек өтілінен алынып тастала ма?
– Жоқ. Заңнамада белгілі бір себептермен еңбек қызметін уақытша тоқтатқан кезеңдерді өтілге есептеу қарастырылған. Мәселен, 1998 жылға дейін оқу орнында білім алған уақыт пен әскери қызмет еңбек өтіліне қосылады.
Бұдан бөлек, жұмыс істемейтін ананың баласы үш жасқа толғанға дейін оны күткен уақыты есепке алынады. Бірақ мұнда шектеу бар: бала күтіміне байланысты жалпы есептелетін мерзім 12 жылдан аспауға тиіс.
– Бала күтімімен әкесі айналысқан жағдайда бұл кезең еңбек өтіліне кіре ме?
– Иә, мұндай мүмкіндік те қарастырылған. Жұмыс істемейтін әкенің жас балаларға нақты күтім жасаған кезеңі еңбек өтіліне есептелуі мүмкін. Бірақ бұл кезең сот шешімімен анықталуы қажет. Тағы бір маңызды шарт – сол уақыт баланың анасының зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептелмеуі керек.
– Мүгедектігі бар адамды немесе қарт кісіні күткен уақыт ше?
– Заңнамада мұндай кезеңдер де қарастырылған. I топтағы мүгедектігі бар адамға, II топтағы жалғызбасты мүгедектігі бар адамға, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға немесе 80 жасқа толған қарт адамға күтім жасаған уақыт еңбек өтіліне енгізіледі. Бұл кезең де сот шешімі негізінде анықталады.
– 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растау үшін қандай құжат қажет?
– Негізгі құжат – еңбек кітапшасы. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі міндетті түрде құжатпен расталуы керек.
Егер еңбек кітапшасы жоғалған болса немесе ондағы жазбалар түсініксіз, түзетілген, тиісті мөрлер қойылмаған жағдайда мұрағаттық анықтамалар қажет болады. Ал мұрағат құжаттары сақталмаса, азамат еңбек қызметінің белгілі бір кезеңдерін бұрын бірге жұмыс істеген адамдардың куәлігі негізінде сот тәртібімен растауға мәжбүр болады.
– Болашақ зейнеткерлерге құжаттарын қашаннан бастап дайындауға кеңес бересіз?
– Зейнет жасына толуды күтпей, құжаттарды алдын ала тексерген дұрыс. Біз оларды кемінде алты ай бұрын жинауға кеңес береміз.
Бұл қажет болған жағдайда мұрағаттарға уақытылы сұрау салуға мүмкіндік береді. Егер азаматтың еңбек жолының бір бөлігі Қазақстаннан тыс жерде, соның ішінде ТМД елдерінде өтсе, құжаттарды анықтауға қосымша уақыт қажет болуы мүмкін. Сондықтан мәселені ертерек қолға алу зейнетақыны тағайындау кезінде еңбек өтілінің толық ескерілуіне мүмкіндік береді.
– Департамент үшін бұл жұмыстағы негізгі міндет қандай?
– Біздің негізгі міндетіміз – азаматтың заңнамада көзделген құқығын уақытында іске асыруына жағдай жасау. Мемлекеттік төлемдерді тағайындауға негіз болатын мәліметтердің дұрыстығы мен заң талаптарының сақталуы маңызды.
Зейнетақы мен өзге де төлемдерді тағайындау кезінде заңдық маңызы бар барлық жағдай дұрыс ескерілуі керек. Департамент алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын сақтауға, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын күшейтуге бағытталған жұмысты жалғастырады.
