Алтайдан жеткен ақсұңқар үн: Өскеменде Ақсұңқар Ақынбаба қызының шығармашылық кеші өтті
Ерке Ертістің жағасында, асқар Алтайдың баурайындағы Өскемен шаһарында белгілі ақын, әнші, аудармашы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақсұңқар Ақынбаба қызының шығармашылық кеші өтті. Рухани кешке әдебиетсүйер, зиялы қауым өкілдері, ақынның жерлестері мен өнер жанашырлары жиналды.
Облыстық драма театрында «Алтай – Алатау арасы» деген атпен өткен шығармашылық кештің ашылуында ақын, драматург, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай сөз сөйлеп, Ақсұңқар Ақынбаба қызының қазақ әдебиетіндегі орнына тоқталды.
Кешке облыстық драма театрының әртістері, филармония әншілері мен күйшілері қатысып, көрерменге әсерлі әдеби-музыкалық бағдарлама ұсынып, кеш иесіне әріптестік қолдау көрсетті.
Ал Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Гүлжан Қазимова ақын шығармашылығын әлеуметтік желілер арқылы көптен бері бақылап жүргенін айтты.
Кеш барысында Ақсұңқар Ақынбаба қызы өзінің «Алтай – Алатау арасы» атты авторлық жобасы туралы көрермендеріне кеңінен әңгімеледі.
Кеш қонақтары өнер иесінің шығармашылық жолына жоғары баға берді.
Кеш барысында ақын өзінің туған өлкесіне арнаған жаңа өлеңдерін оқып, Алтайдың төрт аймағын теңдей мекендеп жатқан қазақ дейтін ұлы халықтың дәстүрлі әндерін орындады. Туып-өскен жері Моңғол елінің тілінде де әуезді әндер орындап, құлақтың құрышын қандырды. Әсіресе, осы сапар аясында Өскемен қаласына арнайылап жазған өлеңі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Ақындық қабілетінің арқасында қазақтың маңдайалды ақындарының көзіне түсіп, батасын алған ол Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Бірнеше жыр кітаптарының авторы. Түрік, орыс, өзбек, моңғол поэзиясынан қазақ тіліне көптеген аудармалар жасап, әлем әдебиетін қазақ оқырманына жақындатуға еңбек сіңіріп жүр.
Кеш иесі Ақсұңқар Ақынбаба – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Ол «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау» жыр жинақтарының авторы ретінде оқырманға жақсы таныс.
Сонымен қатар, ақын әлем әдебиетінің көрнекті өкілдері – Анна Ахматова, Марина Цветаева, Белла Ахмадулина, Назым Хикмет, Орхан Вели сынды қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның Анна Ахматовадан тәржімалаған «Жарылыс» жинағы кеңінен тараған.
Ән мен жыр үндескен, поэзия мен руханият тоғысқан екі сағаттық кеш көрерменге ерекше әсер сыйлағаны анық. Алтайдан түлеп ұшқан ақынның туған топырақтағы бұл кездесуі әдебиет пен өнерге сусындаған жұртшылық үшін ұмытылмас рухани мерекеге айналды.
Еске салайық, Ақсұңқар ақынның Шығыстың бас қаласындағы шығармашылық кеші мұнымен тоқталмайды.
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық Пушкин атындағы кітапханада автордың «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар» атты шығармашылық кездесуі өтеді.
