Шығыс Қазақстан облысында III «Сәтбаев» Қазақстандық геологиялық универсиадасы өз мәресіне жетті

Шығыс Қазақстан облысында болашақ геологтарды даярлау бағытындағы маңызды білім беру жобаларының бірі; III «Сәтбаев» Қазақстандық геологиялық универсиадасы өз мәресіне жетті.


Универсиаданың бастамашысы ө Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті. Инженерлік білім беру саласындағы маңызды дәстүрге айналған бұл жоба студенттерді, оқытушыларды және сала сарапшыларын бір алаңға жинап, бәсекеге қабілетті геолог мамандарды даярлауға бағытталған. Биыл универсиаданы өткізу эстафетасын Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті қабылдады.


Практикалық кезең Бұқтырма су қоймасының жағасында орналасқан «Простор» оқу-далалық лагерінде өтті. Мұнда еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері нақты геологиялық зерттеулер жүргізіп, тау жыныстарын сипаттау, пайдалы қазбаларды барлау және кәсіби міндеттерді шешу бойынша өз білімдері мен тәжірибесін сынады.


Универсиаданың дәл Шығыс Қазақстан облысында өтуі; заңды шешім. Өңір Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібінің жетекші орталықтарының бірі болып саналады, минералдық-шикізат қорының молдығымен және инженерлік кадрлар даярлаудағы қалыптасқан мектебімен ерекшеленеді. Сондықтан қатысушылар болашақ мамандықтарына барынша жақын жағдайда тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды.


Іс-шараның жоғары мәртебесін оның жабылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Жолдаспекұлы Нұрғалиевтің қатысуы айқындады. Ол инженерлер мен геологтарды даярлау өңірдің ғана емес, тұтас елдің тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, мұндай жобалар білім беру ұйымдары мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, саланың кадрлық әлеуетін арттыратынын айтты.


Интеллектуалдық және далалық кезеңдердің қорытындысы бойынша:І орын - Nazarbayev University-дің «Туристер» командасы,ІІ орын - Satbayev University-дің «Сульфидтер» командасы,ІІІ орын; Қазақстан-Британ техникалық университетінің «Британдықтар» командасы.


Универсиада аясында колледж студенттеріне бакалавриатта оқуын жалғастыруға арналған ректорлық білім гранттары табысталды. Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжінің студенті Н. Эйсфельд Satbayev University ректорының білім грантының иегері атанса, осы колледждің студенті Айдан Жақсыбек Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректорлық білім грантына ие болды.


III «Сәтбаев» Қазақстандық геологиялық универсиадасы жас мамандардың кәсіби тәжірибе жинақтауына, ғылыми және академиялық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ геология саласының болашақ мамандарын қалыптастыруға ықпал еткен маңызды алаңға айналды. Бұл ауқымды жобаның Шығыс Қазақстан облысында өткізілуі өңірдің Қазақстанның геология және тау-кен өнеркәсібі үшін жоғары білікті кадрлар даярлайтын жетекші орталықтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.


Бөлісу: Facebook Telegram Twitter