Жаңалықтар ашу мекені: ШҚО-да жаңа буын геологтері даярлануда

Шатырлы лагерь оқу аудиториясына, ал геологиялық балға танымның басты құралына айналған сәтте елдің минералдық-шикізат әлеуетін дамытуға және жаңа кен орындарын ашуға үлес қосатын нағыз мамандар қалыптасады.


Осындай ерекше орта Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Простор» жазғы экспедициялық лагерінде қалыптасқан. Мұнда 22–26 маусым аралығында III Қазақстандық «Сәтбаев» геологиялық универсиадасы мен «KazUzGeoNomads» халықаралық жазғы мектебінің қорытынды кезеңі өтуде.


Көрікті Бұқтырма су қоймасының жағасында Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының студенттері, жас ғалымдары мен оқытушылары бас қосты.


Шығыс Қазақстан үшін мұндай ауқымды іс-шараның маңызы ерекше. Өңір еліміздің ірі тау-кен өндірісі орталықтарының бірі саналады, ал Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ көп жылдан бері тау-кен металлургиясы мен геология саласына жоғары білікті инженерлер мен геолог мамандарын даярлап келеді.


Универсиаданың басты ерекшелігі: болашақ геологтарды нақты өндірістік жағдайға барынша жақын ортада оқыту. Дәстүрлі дәрісханалардың орнына қатысушыларды далалық маршруттар, геологиялық қималарды сипаттау, минералогия бойынша сайыстар, петрографиядан тәжірибелік сабақтар, инженерлік тапсырмалар және салалық мамандардың кеңестері күтуде.


Бағдарламаның маңызды бөлігі- өңірдің өндірістік нысандарына ұйымдастырылған көшпелі сабақтар. Болашақ геологтер Шығыс Қазақстан облысындағы жетекші кен орындарында болып, оларды игерудің заманауи технологияларымен танысады. Сонымен қатар өңірдің басты гидроэлектр станциясын - Шығыс Қазақстанның стратегиялық маңызы бар энергетикалық нысандарының бірін аралайды.


Бүгінде білікті инженерлік кадрларды даярлау ел экономикасын дамытудың негізгі факторларының біріне айналды. Сондықтан білім, ғылым және өндірісті ұштастыратын жобалардың маңызы артып келеді. «Сәтбаев» геологиялық универсиадасы мен «KazUzGeoNomads» халықаралық жазғы мектебі болашақ мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, Шығыс Қазақстанның инженерлік білім беру мен өндірістік әлеуеті жоғары жетекші өңір ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түсуде.


Бөлісу: Facebook Telegram Twitter