ШҚО құтқарушылары судағы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде

Жазғы маусым басталар алдында Шығыс Қазақстан облысында суға түсуге арналған 23 ресми орын жабдықталды. Оның үшеуі Өскемен қаласында орналасса, қалғандары облыстың қалалары мен аудандарында орналасқан.

– Шомылу маусымы басталғанға дейін ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың комиссиялары су түбін зерттеп, демалыс орындарының ережелер талаптарына сәйкестігін көзбен шолып тексерді. Қазіргі уақытта жағажайлар маңындағы су түбін тексеру үшін сүңгуірлік жұмыстар жүргізуге 18 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 10 өтінім 23 ресми жаппай демалыс орнының дайындық деңгейін тексеруге қатысты, – деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті.

Сондай-ақ ведомство облыс су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ТЖД-ның бес құтқару бөлімшесі жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Рейдтік іс-шараларға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, еріктілер мен әскери қызметшілер тартылған. Бұдан бөлек, Самар ауданының Новостройка ауылында жылжымалы бекет қойылған.

– Сонымен қатар 170 тыйым салу белгісі орнатылды, Өскемен қаласында, Алтай ауданында және Ұлан ауданында 38 қоғамдық құтқарушы даярланды, – деп толықтырды өңірлік ТЖД.

Департаменттің мәліметінше, жыл басынан бері ШҚО су айдындарында шомылу маусымындағы қауіпсіздікке арналған 1900-ден астам рейдтік іс-шара өткізілген. Осы тақырып бойынша телеарналарда 25 рет сөз сөйлеп, бес брифинг ұйымдастырылды, радиода 150 рет ақпарат берілді. Сонымен қатар баспасөзде және әлеуметтік желілерде материалдар жарияланған.

Шомылу маусымынан тыс кезеңде Өскемен мен Риддер қалаларында су айдындарында екі адамның өмірі құтқарылды. Су қауіпсіздігі ережелерін бұзған 70 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter