БАӘ-де 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды
Біріккен Араб Әмірліктерінде 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды. Бұл шешімді елдің Министрлер кабинеті қабылдады, деп хабарлайды «Орда» агенттігі Wam агенттігіне сілтеме жасап.
Ел билігі жаңа заң қабылдап, оған сәйкес 15 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желілерде жеке аккаунт аша да, пайдалана да алмайды. Шектеулер контент жариялауға, пікір жазуға, ашық топтарға қатысуға және басқа да әрекеттерге қатысты қолданылады.
15 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерге платформаларды пайдалануға рұқсат беріледі, алайда олардың аккаунттары қосымша шектеулермен жұмыс істейді. Әлеуметтік желілер бейтаныс пайдаланушылармен байланысқа қатысты бірқатар функцияларды өшіруге және ата-аналарға бақылау құралдарын ұсынуға міндетті болады.
Сонымен қатар, БАӘ билігі әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың жасын тексерудің сенімді жүйесін енгізуге міндеттеді. Ол үшін компаниялар цифрлық жеке сәйкестендіру жүйесін, биометриялық технологияларды және жасанды интеллект негізіндегі құралдарды пайдалана алады.
Құжатта кәмелетке толмағандардың деректерін жекелендірілген жарнама мен коммерциялық мақсаттарда пайдалануға да тыйым салынған. Жаңа талаптардың орындалуын БАӘ-нің мемлекеттік реттеуші органдары қадағалайды. Олар талаптарды бұзған жағдайда платформаларды толық немесе ішінара бұғаттауға дейінгі санкциялар қолдана алады.
Билік компанияларға жаңа нормаларды іске асыру үшін 12 ай уақыт берді.
Жақында цифрлық платформаларды бақылау мәселесі Қазақстанда да қайта талқыланды.
Бірнеше күн бұрын Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым енгізілетінін мәлімдеген болатын.
