ШҚО-да көші-қон мен цифрландыру қатар дамып келеді

Шығыс Қазақстан облысында облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Шығыс шақырады» өңірлік жобасы аясында халық санын арттыру, еңбек ресурстарын тиімді бөлу және шекара маңындағы аудандарды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда.
Өңір еліміздегі қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдайтын негізгі аймақтардың бірі саналады. 2017-2025 жылдар аралығында облысқа 2209 отбасы құрамында 6290 адам көшіп келген. Оның ішінде 1784 адам Қытаймен шекаралас аудандарға қоныстандырылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 794 адам көшіп келсе, олардың 269-ы қандас, 525-і еңбек күші артық өңірлерден келген қоныс аударушылар болды. Еңбекке қабілетті азаматтардың 58 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Көші-қон үдерісін қолдау мақсатында өткен жылы 496 млн теңге көлемінде мемлекеттік көмек көрсетіліп, қаражат көшу шығындарын өтеуге, тұрғын үй жалдауына және экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беруге бағытталды.
Бағдарлама аясында жаңа бастамалар да қолға алынуда. Биыл ауылдық жерлерге көшіп келген азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жалпы сомасы 65 млн теңгені құрайтын 20 грант бөлу жоспарланған. Қаржы жол бойындағы сервис, туризм, қонақ үй және өндіріс салаларындағы жобаларды дамытуға бағытталады.
Сондай-ақ білікті мамандарды өңірге тарту мақсатында «Шығыс маманы» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба аясында 5 пайыздық жеңілдетілген ипотекалық несие ұсынылып, бастапқы жарна ретінде 7 млн теңгеге дейін сертификат беріледі. Ал «Құтты өңір» жобасы шеңберінде ауылдардағы бос үйлер жөнделіп, қоныс аударушыларға берілуде. Қазіргі уақытта Марқакөл ауданында бірнеше тұрғын үй қалпына келтіріліп, жаңа отбасылар қоныстанған.
Кадр тапшылығын азайту мақсатында ауыл жастарына білім гранттары бөлінуде. Бағдарлама талаптарына сәйкес түлектер оқуын аяқтағаннан кейін ауылдық жерде кемінде бес жыл еңбек етуі тиіс.
2026 жылға облысқа 800 адамды қабылдау квотасы бекітілген. Оның ішінде 200 қандас пен 600 қоныс аударушы бар. 2026 жылғы 17 маусымдағы жағдай бойынша өңірге 122 қандас (47 отбасы) және 563 қоныс аударушы (158 отбасы) қабылданды.
Қоныс аударушыларды бейімдеу және әлеуметтік қолдау жұмыстары да цифрландырылуда. Бүгінде барлық қызметтер мен мониторинг жұмыстары FSMSocial мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі.
Өңірде интернет пен байланыс сапасы артып келеді
Шығыс Қазақстан облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда облыстағы 349 елді мекеннің 289-ы интернет және мобильді байланыспен қамтылып, халықтың 98 пайызына қолжетімділік қамтамасыз етілген. Тек 2026 жылдың басынан бері тағы 19 ауыл байланыс және интернет қызметіне қосылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы инвестициялық келісім аясында 2027 жылдың соңына дейін облыстың 204 елді мекенін интернетпен қамту жоспарланған. Оның ішінде 186 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады.
Өскемен қаласында мобильді байланыс сапасын арттыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 62 дана 5G базалық станциясы орнатылған, ал жыл соңына дейін тағы 31 станция іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар облыста 18 антенна-діңгек құрылысын салу және туристік нысандарды спутниктік технологиялар арқылы байланыс пен интернетке қосу жобалары жүзеге асырылмақ. Бұл жұмыстар өңірдің цифрлық дамуын жеделдетіп, шалғай ауылдардың байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter