#Жаңалықтар / Шығыс Қазақстан
Цифрлық болашаққа бастар көпір: Шығыс Қазақстан делегациясы «Қытай – ШЫҰ» халықаралық форумына қатысуда
Вчера, 08:32
Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай қаласында цифрлық технологияларды дамыту және ынтымақтастық мәселелеріне арналған «Қытай – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы» халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Ауқымды іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының делегациясы қатысуда.
Екі күнге созылатын форум барысында цифрлық технологиялар саласындағы әлеуетті арттыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланады. Кездесудің басты мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты нығайту, инновациялық жетістіктермен алмасу және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру.
Форумға мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық деңгейдегі IT-сарапшылар, кәсіпкерлер, ірі компаниялардың жетекшілері және ақпараттық технологиялар саласының мамандары қатысуда. Алаңда Қазақстан, Қырғызстан, Малайзия, Пәкістан, Ресей және Қытай елдерінің өкілдері, сондай-ақ ШЫҰ мен Орталық Азия өңірлік ынтымақтастық институты секілді ірі халықаралық ұйымдардың делегациялары бас қосты.
Шығыс Қазақстан облысы делегациясының жетекшісі - ШҚО туризм кеңесінің төрағасы, халықаралық байланыстар бойынша кеңесші Сымбат Рамазановтың айтуынша, делегация құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының мамандары, креативті индустрия өкілдері және IT-компаниялардың қызметкерлері енген.
– Форум аясында Шығыс Қазақстан облысы мен ШЫҰ елдері арасындағы ынтымақтастық жетістіктері туралы баяндамалар жасалады. Мемлекет басшысы биылғы жылды Қазақстанда Жасанды интеллект жылы деп жариялады. Сондықтан осындай халықаралық алаңдардың маңызы зор. Мұнда біз өзге елдердегі үздік тәжірибелермен танысып, табысты жобаларды зерттеп, өңіріміздің цифрлық экономикасын дамытуға жаңа мүмкіндіктер іздейміз, – деді Сымбат Рамазанов.
Шығыс Қазақстан облысының «Қытай – ШЫҰ» форумына қатысуы халықаралық байланыстарды кеңейтуге, инвестициялар тартуға және болашақтың технологияларын өңірде енгізуге жаңа серпін береді.

