ШҚО-да ғасырлық мектептің жаңа тынысы: Ақжарда жаңа спорт залы салынады

Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектеп тағы бір маңызды белесті бағындырды. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасында жазғы «Күншуақ» лагерінің ашылуы өтіп, мектептің жаңарған келбеті мен білім беру әлеуеті таныстырылды. Іс-шара барысында облыс әкімі мектепке қосымша спорт ғимаратын салу жөніндегі бастаманы қолдап, нақты шешім қабылдады.

Салтанатты шара мектеп оқушылары дайындаған әсерлі концерттік бағдарламамен басталды. Жазғы демалысты мазмұнды өткізуді мақсат еткен «Күншуақ» лагерінің алғашқы күндері-ақ балалардың қызығушылығын оятқан.

– Бізде бүгін он күндік жазғы лагер басталды. Мұнда біз түрлі интеллектуалды ойындар ойнаймыз. Би үйірмесіне қатысамын, бүгін де спорт биін биледім. Барлық оқушыларға қызықты каникул тілеймін, – деді 4-сынып оқушысы Аймара Тоқтарбек.

Тарихы терең Абай атындағы орта мектеп – өңірдегі беделді білім ошақтарының бірі. Бұл білім ордасында қазақтың көрнекті ұстазы, академик Қанипа Бітібаева білім алған. Мектеп тағдырында Ұлы Отан соғысының қаһарманы Қасым Қайсеновтің де ізі бар — ол бір кезеңде осы мектепті басқарған.

Бүгінде мұнда 738 оқушы білім алады. Оқу үдерісі толықтай қазақ тілінде жүргізіліп, жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша сапалы білім беріледі.

Соңғы жылдары мектептің материалдық-техникалық базасы түбегейлі жаңарып, заманауи білім кеңістігі қалыптасты. STEM зертханасы, телестудия, ART-студия, лингафон кабинеті, педагог-психолог пен дефектолог кабинеттері, шеберханалар, ата-аналарды қолдау орталығы мен жаңа форматтағы пән кабинеттері оқушылар игілігіне қызмет етуде. Сонымен қатар, мектепте спорт залы, кітапхана, медициналық кабинет, акт залы және 115 орындық асхана жұмыс істейді.

Білім ордасының дамуында әлеуметтік серіктестік те маңызды рөл атқаруда. 2023 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Ауыл аймақтарындағы тірек мектептерінің әлеуетін тұрақты дамыту» қорының қолдауымен мектеп инфрақұрылымы жаңартылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

– Бұл бастамалар ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға және оқушылар үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Білім ордамыздың жетістіктері де аз емес. Соңғы жылдары мектеп облыстық және республикалық деңгейдегі бірқатар беделді байқауда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, «Педагогикалық жетістіктер мектебі» номинациясының жеңімпазы атанып, «Үздік білім беретін ұйым – 2024» республикалық байқауында бас жүлдені иеленді, – деді мектеп директоры Нәзигүл Ақыбаева.

Мектеп экологиялық білім беру, IT-жобалар және ауыл мектептерін дамыту бағыттарында да озық тәжірибелерімен танылып келеді. Қазіргі таңда мұнда 87 педагог еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – педагог-зерттеушілер, педагог-сарапшылар және педагог-модераторлар.

Жазғы лагерьдің ашылуы барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов білім ордасының әлеуетімен танысып, оқушыларға жасалған жағдайларды көрді. Ол асхананы, спорт залын, пән кабинеттерін, мектеп мұражайын аралап, шағын телестудияда болашақ жас тілшілерге сұхбат берді.

Алайда мектептің спорттағы жоғары жетістіктеріне қарамастан, қолданыстағы спорт залы бүгінде тарлық етуде. Осы мәселені мектеп түлектерінен құралған «Тарбағатай қыздары» волейбол командасының мүшесі Әйгерім Серікова облыс әкіміне жеткізді.

Өтініш назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы мектептің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қосымша спорт ғимаратын салу туралы шешім қабылданатынын мәлімдеді.

– Осы жылы тездетіп жобалық сметалық құжаттама жасаңыздар, келер жылы мектеп ауласына қосымша спорт ғимаратын салып береміз, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Ғасырлық тарихты заманауи технологиямен ұштастырған Ақжардағы Абай мектебі бүгінде ауыл балаларына сапалы білім мен жан-жақты даму мүмкіндігін ұсынып отырған үлгілі білім ордасына айналып отыр.


Бөлісу: Facebook Telegram Twitter