Қазақстанда техникалық оңалту құралдарына берілетін кепілдендірілген өтемақы сомасын есептеу әдістемесі қайта қаралды
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы Наталья Литке мәлімдеді.
Қайта қарау жұмыстары мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен (ТОҚ) қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру аясында жүргізілген.
— Өткен айда Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынатын техникалық оңалту құралдарына өтелетін кепілдендірілген соманы анықтау әдістемесі қайта қаралды. Бұрын кепілдендірілген сома Портал деректері, мемлекеттік сатып алу мәліметтері және жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары негізінде есептелетін. Енді есептеу Әлеуметтік қызметтер порталы мен электронды дүкеннің деректеріне сүйене отырып жүргізіледі, кейін ол ҚР Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен біріктіріледі, — деп түсіндірді Наталья Литке.
Оның айтуынша, өзгерістердің басты мақсаты — техникалық оңалту құралдарының құнын есептеуді барынша ашық, объективті әрі нарықтағы нақты бағаларға жақын ету.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері толық дайын болған кезде, тауарлардың нарықтық бағалары туралы сенімді мәліметтер автоматты түрде алынып, ұсынылатын кепілдендірілген бағаларды қалыптастыру да автоматтандырылады.
— Бұл субъективті факторды болдырмауға, бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл әлеуметтік қолдауды азайту деген сөз емес. Мемлекет негізсіз шығындарды жойып, қаржыны сапалы, заманауи және сұранысқа ие техникалық оңалту құралдарына бағыттауды көздейді, — деп атап өтті Наталья Литке.
Сондай-ақ ол енгізілген өзгерістердің күтілетін нәтижелері ретінде:
баға қалыптастырудың ашықтығын арттыруды;
техникалық оңалту құралдарының құнын әділ анықтауды;
адами факторды болдырмауды;
бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды;
оңалту қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды атады.
