Құрбан айт мерекесіне дайындық: ШҚО-да 13 арнайы құрбандық шалу орны белгіленді

Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылғы 27-29 мамыр аралығында мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі кең көлемде аталып өтеді. Биыл 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де облыстағы барлық мешіттерде айт намазы оқылып, мерекелік шаралар үш күнге жалғасады.

Мереке қарсаңында өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитарлық-ветеринарлық талаптарды сақтау және құрбандық шалу орындарын ұйымдастыру мәселелері ерекше бақылауға алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ШҚО Дін істері басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев мәлімдеді.

Шара аясында қайырымдылық акциялары өткізіліп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға құрбандық еті мен азық-түлік себеттері таратылады. Өңір бойынша аталған қайырымдылық көмегімен 100-ге жуық отбасы қамтылмақ.

Облыс орталығы – Өскемен қаласында негізгі мерекелік шаралар Халифа Алтай мешіті маңында өтеді. Мұнда киіз үйлер тігіліп, қоғамдық сауда орындары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қала және аудан әкімдіктері мерекелік іс-шаралар бағдарламаларын бекітіп, арнайы 13 құрбандық шалу орнын анықтады.

Атап айтқанда:
Өскемен қаласы — Атығай асуы (Алматы–Өскемен тас жолы); 
Риддер қаласы — Д.Қонаев атындағы Риддер қалалық мешіті; 
Алтай ауданы — «Тенар» қожалығы; 
Глубокое ауданы — «Тастанбеков Ж.Т.» ЖК; 
Зайсан ауданы — “Шығыс-А” мал сою пункті; 
Күршім ауданы — «Мойнак» шаруа қожалығы; 
Тарбағатай ауданы — Ақжар ауылы; 
Ұлан ауданы — Атығай асуы; 
Үлкен Нарын ауданы — Горный көшесі, 8/1; 
Шемонаиха ауданы — Вокзальная көшесі, 236; 
Катон-Қарағай ауданы — Катонқарағай ауылы, Абай көшесі, 82; 
Марқакөл ауданы — Қалжыр ауылы; 
Самар ауданы — Аққала ауылы, «Самар-Вет» мал сою алаңы. 

Мереке күндері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен ет өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Осыған байланысты облыстық Дін істері басқармасы кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшыларын бағаны негізсіз көтермеуге шақырды.

Құрбан айт мерекесі аясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да қатар жүргізіледі. Акция барысында мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда тазалық пен санитарлық талаптарды сақтау жұмыстары күшейтіледі.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter