Жамбыл – 180: Өскеменде өтетін әдеби ревю жыр алыбына арналмақ
8 мамыр күні Өскемендегі Жамбыл саябағында жыл алыбы – Жамбылдың 180 жылдығына арналған әдеби ревю ұйымдастырылады. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының мәліметінше, шараның басты мақсаты – ақын мұрасын ұлықтап қана қоймай, оны жас ұрпаққа заманауи форматта таныстыру.
Келушілер үшін бірнеше тақырыптық алаң әзірленеді. Орталық алаңдардың бірі – «Айтыс алаңы». Мұнда жас ақындар суырыпсалмалық шеберлігі мен сөз қуатын көрсетеді. Сонымен қатар саябақта поэзиялық квест өтеді. Қатысушыларға Жамбыл өлеңдерінің үзінділерін тауып, QR-кодтар арқылы толық мәтінін жинау ұсынылады. Бұл әдебиет пен цифрлық технологияны ұштастыратын ерекше жоба болмақ.
Іс-шара барысында «Поэзия шеруі» өтеді. Жастар мен өнер майталмандары ақынның ең таңдаулы туындыларын мәнерлеп оқиды. Батырлық пен елдікті жырлаған термелер мен патриоттық жырлар саябақ аспанын тербетеді.
Сондай-ақ Жамбыл туралы еңбектер, зерттеу мақалалары мен ғылыми жұмыстар қойылған көрме ұйымдастырылады.
Шара сағат 11:00-де ақын ескерткіші жанында басталады.
