Өскеменде мамандар сыбайластықтың жолын бөгеу тетігін бірге іздеді

Қаладағы Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында өткен іс-шара жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын қалыптастырудың мазмұндық тәсілдерін талқылауға арналды.

Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы мәселелер, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері және тиімді ұсыныстар әзірлеу жолдары ашық қарастырылды.

– Шараның мақсаты – жаңа тұжырымдама қалыптастырудың мазмұндық және практикалық тәсілдерін талқылау, сондай-ақ қолданыстағы мәселелерді ашық қарастырып, тиімді ұсыныстар әзірлеу, – деді департамент басшысы Ержан Айқымбеков.

Диалог алаңында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі Жанат Мұханов мұндай кездесулердің маңызын атап өтті.

– Бүгінгі іс-шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру тұрғысынан өте маңызды. Мемлекет басшысы бастамашы болған реформалардың негізгі бағыттарының бірі – жемқорлықтың алдын алу. Әр қызметкер осы бағытта жауапкершілік танытса, еліміз одан әрі өркендей түсері сөзсіз, – деді ол.

Өз кезегінде облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Аяужан Ашимова сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталды.

– Қай саланы алсақ та, сыбайлас жемқорлық өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл бағытта ең алдымен қоғамда дұрыс мәдениет қалыптастыру маңызды. Сондықтан мен мәдениет ұғымына ерекше назар аударуды ұсынамын, – деді ол.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter