ШҚО-да жер үйлерге орнатылған иіс газы датчиктерінің саны 17 мыңға жетті

Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымы аяқталып, төтенше жағдайлар қызметі өткен кезеңнің қорытындысын жариялады. Жылыту маусымы кезінде тұрғын үй секторында 341 өрт тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға аз. Өрт салдарынан 22 адам қаза тауып, тағы 22 тұрғын жарақат алған.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрттердің негізгі себебі ретінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауын атады. Мамандардың айтуынша, өрт оқиғаларының 70 пайызы тұрғындардың өз кінәсінен болады.

Атап айтқанда, 140 жағдайда пешті пайдалану кезінде бұзушылықтар анықталса, 82 өрт электр құралдарын қолдану ережелерін сақтамаудан болған.
Тұрғын үйлер тікелей бақылау нысанына жатпаса да, департамент қызметкерлері алдын алу шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Жылыту маусымы барысында 92 мыңнан астам үй араланып, тұрғындармен 330 кездесу өткізілді. Сонымен қатар 12 мыңнан астам адамға қауіпсіздік нұсқаулықтары түсіндірілген.

Қазіргі кезде пешпен жылытылатын 2763 үй ерекше бақылауда тұр. Бұл үйлерде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұрады. Тексеру барысында 700-ден астам қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталған.

Оларды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Пеш жабдықтары мен электр сымдары жөнделуде.

Әлеуметтік осал отбасыларға 680 иіс газын анықтайтын датчик орнатылып, соның арқасында екі адамның өмірі сақталған. Соңғы алты жылда облыс бойынша 17 мың датчик орнатылып, 45 адам, оның ішінде 31 бала құтқарылды.

Төтенше жағдайлар қызметі жаз мезгілінде азаматтарға пештерді алдағы қысқа алдын ала дайындап, өртке себеп болуы мүмкін ақауларды дер кезінде жоюды ұсынады.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter