ШҚО-да 7 мектеп пен 4 балабақша салу жоспарланып отыр

Шығыс Қазақстан облысында білім саласында айтарлықтай оң өзгерістер байқалады: жаңа мектептер салынып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы едәуір жақсаруда. Ең бастысы өңірде апатты және үш ауысымды білім беру ұйымдары жоқ.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың қатысуымен журналистерге арналған брифинг өтіп, 2025 жылы білім саласындағы атқарылған жұмыстар жайлы ақпарат берілді. Сонымен қатар басқарма басшысы жиналғандарды алдағы жоспарларымен де таныстырып өтті.

Спикердің айтуынша, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қолдауымен әрі жіті қадағалауымен балалардың сапалы білім алулары үшін қолайлы жағдай жасалуда.

Сондай-ақ брифинг барысында облыс аумағында апатты және үш ауысымды мектептердің жоқ екендігі, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 мың орындық 7 заманауи мектеп салынғаны, қосымша ретінде Зайсан қаласында және Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде жаңа білім беру ұйымдары пайдалануға берілгені айтылды.

– Оффтейк-келісімшарттар аясында 280 орындық 5 мектептің, атап айтқанда Тарбағатай ауданының Тәуке ауылында 80 орындық, Тарбағатай ауданының Шолақорда ауылында 50 орындық, Марқакөл ауданының Игілік, Күршім ауданының Бірлік ауылдарында әрқайсысы 50 орындық, Тарбағатай ауданының Сарыөлең ауылында 50 орындық ғимараттардың құрылысы аяқталды, – деді Қуат Оқасов.

Сонымен қатар ағымдағы жылы 7 мектептің құрылысы жалғасуда. Атап айтсақ, 550 орындық 6 мектеп оффтейк-келісімшарттар аясында (Самар ауданының Самар ауылында 150 орындық оқу-әкімшілік орталығы, Зайсан ауданының Саржыра ауылында 50 орындық мектеп, Марқакөл ауданының Төсқайың ауылында 100 орындық мектеп, Күршім ауданының Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп, Марқакөл ауданының Қайнарлы ауылында 50 орындық оқу-әкімшілік орталығы, Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында 150 орындық мектеп) және 600 орындық бір мектеп Риддер қаласында «Қазцинк» ЖШС-мен әлеуметтік әріптестік аясында салынып жатыр.

Ауыл мектептерінің білім беру мүмкіндіктерін арттыруда материалдық-техникалық базаны жақсарту маңызды рөл атқарады.

Жиын барысында 2025 жылы 30 жалпы білім беретін мектепке 488,2 млн теңге сомасына 40 пәндік кабинет сатып алынғаны (химия – 8, физика – 8, биология – 8, STEM – 8, роботты техника – 8), сондай-ақ 3,6 млрд теңгеге 133 білім беру нысанында жөндеу жүргізілгені мәлім болды. Айталық, Марқакөл ауданы мектептерінің оқушыларын тасымалдау үшін 25 млн теңгеге (Төсқайың орта мектебі – 11,4 млн теңге, Марқакөл №1 орта мектебі – 13,6 млн теңге) 2 автокөлік сатып алынған. Бұдан бөлек оффтейк-келісімшарттар аясында Ұлан ауданының Жанұзақ ауылында заманауи спорт залы ашылған.

Білім басқармасының 2026 жылға жоспары да айтарлықтай. Мектеп құрылысына демеушілік қаражат есебінен Риддер қаласында 600 орындық мектеп, оффтейк-келісімшарттар аясында 550 орындық 6 мектеп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 1000 орындық 4 балабақша салынбақ.

Жиында айтылған білім саласына қатысты соңғы жаңалық – биылдан бастап бүлдіршіндерді бірінші сыныпқа қабылдау (тіркеу) бұрнағы жылдардағыдай республика бойынша бір күнде өтпей, әр өңір өздеріне бекітілген уақытта жүргізілетін болып шешіліпті. Осыдан былай Шығыс Қазақстан облысының бірінші сыныпқа барушыларды қабылдау графигі 10-маусым мен 31-тамыз айларында өткізілетін болады.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter