Өскемен колледжінде автоматтандырылған жобалау кабинеті ашылды

Жоғары техникалық-гуманитарлық колледжінде Үлбі металлургиялық зауытының автоматтандырылған жобалау және өндіріс технологиялары кабинеті ашылды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «ҮМЗ» АҚ қолдауымен құрылып, заманауи компьютерлік техникамен жабдықталған кабинет студенттерге үшөлшемді графикамен жұмыс істеуге, 3D-сызбалар жасауға және 3D-принтермен дайын өнім әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Өңірдің жетекші кәсіпорындарына алғысымыз шексіз. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында бұл қадам ерекше маңызды. Студенттеріміз кәсіби дағдыларын арттырып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болары сөзсіз», — деді Жоғары техникалық-гуманитарлық колледжінің директоры Ернар Іргебаев.

Арнайы пәндер оқытушысы Сергей Парфенов бұған дейін заманауи жобалау жүйелерін толық көлемде пайдалануға техникалық мүмкіндіктер жол бермегенін айтады. 

«AutoCAD, «Компас» сияқты автоматтандырылған жобалау жүйелері жабдықтың жоғары өнімділігін қажет етеді. Бұрын мұндай сызбаларды толыққанды орындауға мүмкіндік болмады. Енді заманауи компьютерлермен сапалы жобаларды шектеусіз әзірлей аламыз», — деді ол.

Педагогтердің айтуынша, Үлбі металлургиялық зауытымен ынтымақтастық тұрақты түрде жүргізіліп келеді және бұл байланыс цифрландыру мен жаңа технологиялар дамыған заманда жұмыс істей алатын, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған.

«Колледжбен әріптестігіміз 2019 жылы дуалды оқыту шеңберінде басталды. Қазір кәсіпорынның стипендиялық бағдарламасы жұмыс істейді, зауыт базасында 70 адам оқудан өтті. 2008 жылдан бері колледждің 80-нен астам түлегі бізге жұмысқа орналасса, шілде айында тағы алты жас маман еңбек жолын бастайды. Біз әр түлекке мүдделіміз, өйткені кәсіпорын кәсіби өсуге ғана емес, мансаптық ілгерілеуге де мүмкіндік береді», — деді «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бежецкий.

Колледж түлегі Евгений Чвырин еңбек жолын гидрометаллургиялық цехта аппаратшы болып бастап, кейін аға шебер қызметіне дейін көтерілді. Ал бүгінде тантал өндірісінің өндірістік-техникалық бөлімін басқарады. Студенттер практикалық дайындық үшін жаңа ашылған оқу кеңістігінің аса маңызды екенін атап өтуде.

«ҮМЗ» АҚ стипендиялық бағдарламасының қатысушысымын және кәсіпорынға алғысым зор. Жаңа кабинет өндіріс жабдықтарын терең меңгеруге, практикалық дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Кәсіби даярлығымызға үлесі зор деп есептеймін», — деді 4-курс студенті Светлана Бадртдинова.

Жаңа кабинет техникалық бағыттағы мамандар даярлау мүмкіндігін кеңейтіп, білім беру үдерісі мен нақты өндірістік міндеттердің арасындағы байланысты нығайтады.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter