Мемлекет басшысы Волонтерлер форумында сөз сөйледі

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Oskemencity.kz тілшісі.

«Халық бекер айтпайды: “Даналық жастайынан қалыптасады”.
Күмән жоқ, Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі прогрессивті жас отандастарымыздың қолында. Осы қарқындарыңыздан таймаңыздар!
Қазақ халқы табиғатынан кеңпейіл, жомарт халық. Мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын тұру – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қасиетіміз.
Ата-бабаларымыз үшін биік руханияттың өлшемі – жақынға жанашырлық таныту және табиғатпен үйлесімде өмір сүру болды.
Олар кейінгі ұрпаққа татулық, бірлік пен бейбітшілік сияқты құндылықтарға адал болуды аманат етті.
Ұлы Абай “Толық адам” тұжырымдамасының негізгі қырларының бірі ретінде жақсылық жасауға және өзгеге көмектесуге дайын болуды айқындады.
Сіздер осы өсиетті берік ұстанып, өз істеріңізбен нағыз “Адал азамат” екендеріңізді көрсетіп келесіздер.
Қиын-қыстау кезеңдерде волонтерлеріміз ерекше жауапкершілік танытып, жанқиярлықпен еңбек етеді.
Пандемия кезінде волонтерлердің көрсеткен ерлігін бүкіл Қазақстан көрді.
Сол күрделі уақытта мыңдаған еріктілер алғы шепте жүріп, дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, ұстаздарға және көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетті.
Ерекше ауқымды су тасқыны кезінде 50 мың волонтердің құтқарушылармен иық тірестіре отырып, табиғи апатқа қарсы тұрғаны елдің бірлігінің айқын көрінісі болды. Мұндай мысалдар аз емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter