Екінші және үшінші АЭС-тердің құрылысын жоспарлауды қазірден бастау қажет – Президент

Президент / Қоғам 8-09-2025, 19:02

Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті тақырыпқа – атом электр станцияларын салуға тоқталды. Ол елде энергия көздерін ауқымды жаңғырту басталғанын, шетелдік инвесторлардың қатысуымен ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін энергетикалық өтпелі кезең – елдің энергетикалық жүйесінің нақты мүмкіндіктеріне және мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты дамудың құралы. Осы тұрғыда атом энергетикасын дамыту бағыты айрықша маңызға ие.
Бір ай бұрын Алматы облысында «Росатом» корпорациясымен бірлескен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталды. Алайда экономиканың тұрақты өсімі үшін бұл жеткіліксіз.

– Қазақстанда екінші, тіпті үшінші АЭС құрылысының жоспарын қазірден бастап қолға алуымыз қажет, – деп атап өтті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, жуырдағы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуде екі ел арасында атом саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол жеткізілді. Қазақстан энергетикалық егемендікті қамтамасыз ету мақсатында әлемнің кез келген компаниясымен өзара тиімді негізде ынтымақтастық орнатуға дайын. Сондай-ақ Президент еліміздегі мол әрі сапалы көмір қорын ескере отырып, көмір энергетикасын да заманауи әрі таза технологияларды қолдана отырып дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.

– Табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне жарата білуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар