Енді жәрдемақыны алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ – бәрі автоматты түрде беріледі
Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы деп аталатын жаңа жүйе іске қосылып, әлеуметтік көмекті алу әлдеқайда оңай әрі жылдам бола бастады. Бұл жүйенің арқасында енді көп жағдайларда ХҚКО-ға барып, құжат жинаудың немесе өтініш жазудың қажеті жоқ. Бар болғаны телефонға келген SMS-ке жауап беру жеткілікті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Еңбек және халықты қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
2025 жылдың басынан бері осы жүйе арқылы 221 мыңнан астам адамға проактивті қызмет туралы хабарлама жолданған. Солардың ішінде 116 мыңға жуық азамат еш өтініш бермей-ақ жәрдемақы немесе төлем алып үлгерді.
Цифрлық карта мемлекеттік органдардың деректер базасына сүйеніп жұмыс істейді. Қазірдің өзінде ол Қазақстан халқының 20 миллионын, яғни 6,2 миллионнан астам отбасының мәліметін қамтып отыр. Бұл жүйе әрбір азаматқа өзінің әлеуметтік жағдайына қарай қандай мемлекеттік қолдау тиесілі екенін автоматты түрде анықтайды және оны ұсынады.
Қазір осы цифрлық карта арқылы түрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақыны ешқандай өтінішсіз алуға болады. Мысалы, бала туғанда, күтіміне байланысты, мүгедектікке немесе асыраушысынан айырылғанда, көпбалалы аналар мен отбасыларға, тіпті жұмыссыз қалғандарға тиесілі төлемдер де осы жүйе арқылы автоматты түрде рәсімделеді. Сонымен қатар, қандас мәртебесі туралы, зейнетақы тағайындау немесе жұмыспен қамту шаралары бойынша да ескерту хабарламалар жіберіледі.
Егер адамға қандай да бір көмек тиесілі болса, оның ұялы телефонына 1414 нөмірінен SMS келеді. Азамат келісімін білдіріп жауап берсе, қалған процестің бәрін жүйе өзі жасайды. Ақша тікелей банк шотына түседі.
Мемлекет алаяқтықтың алдын алу үшін SMS тек 1414 нөмірінен келетінін ескертіп отыр. Сондықтан басқа бейтаныс нөмірден келген хабарламаларға сенуге болмайды.