Катонқарағайда мерейтойлық мәдени шараларға дайындық басталды

Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданында 13–15 маусым аралығында өтетін мерейтойлық мәдени іс-шараларға дайындық қызу жүріп жатыр. Жазушы Қалихан Ысқақтың туған жері — Топқайың ауылының маңын абаттандыру, эстетикалық келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар қолға алынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Топқайың ауылының көркі мен инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар қарқын алған. Атап айтқанда, ауылға кіреберіс арка боялып, аялдама маңына қоршау орнату жоспарланған. Осы мақсатта ағаш материалдары әзірленіп, тақтай кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Белқарағай ауылына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің тапсырмасы бойынша инертті құрылыс материалдары жеткізілген. Бұл істі Белқарағай ауылдық округінің әкімі Айбек Ельчибеков жеке бақылауына алып, ұйымдастыру жұмыстарын тікелей өзі жүргізуде.
Мерейтой аясында бірнеше мәдени және әдеби іс-шара ұйымдастырылмақ. Соның ішіндегі ең ауқымдысы — Топқайың төрінде өтетін Поэзия фестивалі болмақ.
Айта кету керек, бұл мерейтой жазғы демалыс пен туристік маусымға дөп келіп отыр. Сондықтан Катонқарағай табиғаты мен тарихына қызығушы отандастар үшін бұл — ерекше мәдени бағдарлама болмақ. Рухани демалыс, мазмұнды уақыт өткізу, ұлттық әдебиет пен өнерге жақындасу — қазіргі қоғам үшін аса маңызды құндылықтардың бірі. Бұл шаралар ел ішінде мәдени демалыс дәстүрін қалыптастыруға үлкен серпін береді.
Катонқарағай жері — есігі ашық, жүрегі кең мекен. Мерейтойға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін қонақтар үшін ауыл төрі әрқашан құтты орын болмақ. Ұлы жазушы туған топырақта өтіп жатқан бұл мәдени шаралар ұлт руханиятына қызмет ететін тағылымды оқиғаға айналуы сөзсіз.