Өскеменде пластик өңдейтін зауыттың құрылысы жоспарланып отыр

Қазақстанда экологиялық бастамаларды қолдау мақсатында қоқысты қайта өңдеу өндірістерін іске қосуға қомақты қаражат бөлінуде. Осындай ауқымды жобалардың бірі Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өткен жылы Үкіметтің тапсырмасы бойынша «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы арқылы ел көлемінде бизнес өкілдеріне қоқысты қайта өңдеу өндірістерін дамыту үшін 200 миллиард теңге бөлінген.
Жалпы республика бойынша 96 жоба іріктеліп, олардың бірі — «ВКО Экопуск» жобасы — Шығыс Қазақстан облысынан таңдалған.
Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 1,7 миллиард теңгені құрайды.
«Жасыл Даму» бағдарламасы аясында жобалар төмен пайызбен несиелеу арқылы қаржыландырылады:
20% – инвестордың өз қаражаты,
42% – 3%-ға дейінгі жеңілдетілген мөлшерлемемен берілетін несие,
38% – қайтарымсыз грант.
Жобаны жүзеге асыру үшін жер телімі 49 жылға жалға беріледі, бірақ меншік құқығы берілмейді. Бұл — жоба іске аспай қалған жағдайда жердің жеке меншікте қалмауын қамтамасыз ететін сақтық шарасы. Егер жоба жоспарланған мерзімнен бұрын өзін-өзі ақтаса, келісімшартты ұзарту мүмкіндігі қарастырылады.
Қазіргі таңда жоба екінші іріктеу кезеңінен сәтті өтіп отыр. Құжаттар толық мақұлданса, зауыттың құрылысы осы жаздың соңында басталуы мүмкін.
Фото: stock.adobe.com