Балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек: Өскеменде жасанды интеллекті бар нейрохирургиялық робот орнатылады

Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығына жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған Remebot RM-200 роботтандырылған нейрохирургиялық жүйесі орнатылады. Жаңа медициналық құрал Шығыс Қазақстанда ми және жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балаларға күрделі жоғары технологиялық операциялар жасауға мүмкіндік береді.


Заманауи жабдықтың жеткізілетіні туралы «Samruk-Kazyna» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды. Сапар аясында медициналық мекемеге жүйені жеткізуге арналған сертификат табысталды. Жабдық «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы «Samruk-Қазына» тобының қайырымдылық қызметі аясында сатып алынады.

Жүйенің құны 433,5 млн теңгені құрайды. Жабдық жеткізіліп, орнатылғаннан кейін медициналық орталық мамандары арнайы дайындықтан өтеді. Ал жаңа хирургиялық араласу түрлері кезең-кезеңімен енгізіледі. Remebot RM-200 жүйесін осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Мәлімделген техникалық сипаттамаларына сәйкес, Remebot RM-200 Қазақстан мен Орталық Азиядағы балалар нейрохирургиясында қолданылатын алғашқы роботтандырылған жүйе болады. Ол нейрохирургиялық навигация және стереотаксикалық хирургия технологияларын біріктіреді. Жүйе дәрігерлерге операцияны алдын ала жоспарлауға, мидың үш өлшемді моделін жасауға және хирургиялық араласудың ең тиімді траекториясын жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.

Мұндай технологияны қолдану мидың терең орналасқан және қолжетімділігі қиын аймақтарына операция жасау кезінде аса маңызды. Роботтандырылған жүйе хирургке операция барысында кеңістікте бағдарлануға және науқастың жеке анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып, араласуды дәл жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жаңа жабдықтың пайда болуы Ана мен бала орталығы мамандары жасай алатын жоғары технологиялық операциялардың түрлерін кеңейтеді. Атап айтқанда, стерео-ЭЭГ жүргізу, эпилепсиялық белсенділік ошақтарын анықтау үшін терең электродтар орнату, стереотаксикалық араласулар жасау, сондай-ақ мидың терең орналасқан ісіктеріне аз инвазивті биопсия жүргізу жоспарланып отыр.

Осылайша, әңгіме медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңартумен ғана шектелмейді. Жаңа жүйе өңірде балалардың орталық жүйке жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.

Балалар нейрохирургиясы қазірдің өзінде Ана мен бала орталығының негізгі бағыттарының бірі болып саналады. Мұнда медициналық көмек тек Шығыс Қазақстан облысының емес, Абай және Павлодар облыстарының балаларына да көрсетіледі. Нейрохирургиялық бөлімше 22 төсекке арналған.

Соңғы жылдары Орталық мамандары күрделі неврологиялық ауруларды емдеудің заманауи әдістерін жүйелі түрде дамытып келеді. Соңғы үш жылда мұнда эпилепсияның ауыр түрлерін аз инвазивті әдіспен – кезбе жүйкені стимуляциялайтын құрылғыны имплантациялау, яғни VNS-терапия арқылы хирургиялық емдеу жүргізілуде.

Осы уақыт ішінде осындай 33-ке жуық операция жасалған. Емнен кейін науқастарда эпилепсиялық ұстамалардың жиілігі мен ауырлығы төмендеген. Жаңа технологияларды енгізу дәрігерлердің мүмкіндігін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмысты одан әрі дамытуға жол ашады.

Жалпы, Ана мен бала орталығы тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді, оның ішінде шұғыл медициналық көмек те бар. Биылғы жеті айда орталықта 9 590 пациент ем қабылдады. Стационарда 347 төсек-орын жұмыс істейді, медициналық көмекті 141 дәрігер көрсетеді.

«Біздің өңір үшін балалар нейрохирургиясын дамыту айрықша маңызды. Бүгінде Орталық мамандары үш облыстың балаларына медициналық көмек көрсетіп, күрделі операциялар жасап, емдеудің заманауи әдістерін дамытып келеді. Жаңа жабдық бұл мүмкіндіктерді кеңейтіп, бұрын өңірімізде қолжетімсіз болған технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстанның ғана емес, Абай және Павлодар облыстарының балалары да қажетті жоғары технологиялық медициналық көмекті осы жерде, Өскеменде ала алады деп сенеміз», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Өз кезегінде «Samruk-Kazyna» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«Біздің міндетіміз – медициналық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту, медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және дәрігерлердің кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау. Эпилепсия, ісіктер және жүйке жүйесінің басқа да ауруларына шалдыққан пациенттер қажетті медициналық көмекті ала алады. Кешеннің техникалық қуаты жылына 500–750 операцияға дейін жетеді», – деді Нұрлан Жақыпов.

Жүйе орнатылғаннан кейін Орталық мамандары жаңа жабдықпен жұмыс істеу бойынша арнайы оқудан өтеді. Жаңа технологияларды меңгеру және хирургиялық әдістерді енгізу медициналық команданың дайындығы мен қажетті рәсімдер ескеріле отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Remebot RM-200 жүйесін пайдалану нейрохирургиялық операцияларды жоспарлау мен жүргізудің дәлдігін арттырып, бірқатар хирургиялық араласулардың жарақаттылығын төмендетуге және аз инвазивті емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Өңір үшін мұндай жабдықтың пайда болуы балалар нейрохирургиясын дамытудың жаңа кезеңін білдіреді. Жоғары технологиялық медициналық көмек Шығыс Қазақстан мен көршілес облыстардың тұрғындары үшін қолжетімді бола түседі. Ал Орталық мамандары ми және жүйке жүйесінің күрделі ауруларын емдеудің қосымша мүмкіндіктеріне ие болады.

Алдағы уақытта бұл бағыттың дамуы Өскеменде жасалатын күрделі операциялардың санын арттырып, балаларды еліміздің басқа өңірлеріндегі медициналық орталықтарға жіберу қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – отбасыларға тұрғылықты жеріне барынша жақын жерде, заманауи медициналық инфрақұрылым мен білікті мамандардың көмегімен қажетті мамандандырылған медициналық көмек алу мүмкіндігі артады.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter