Ерте қаржыландыру ауыл шаруашылығына серпін берді

Жаңалықтар 9-06-2025, 14:30

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде алғаш рет егіс жұмыстарын қаржыландыру науқаны алдын ала – 2024 жылдың желтоқсан айынан басталды. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан 2025 жылғы ерте қаржыландыру жобасының нәтижесінде мүмкін болды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.

Егіс жұмыстарына дайындықты мерзімінен бұрын бастау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін аса тиімді мүмкіндікке айналды. Өтінімдерді қабылдау басталғалы бері 7407 өтініш тіркеліп, олардың жалпы сомасы 493,5 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта 6988 өтініш мақұлданып, қаржыландырылды. Бұл шамамен 7,3 млн гектар егістік алқапты өңдеуге дайындық жасауға жол ашты.

Шағын және жаңадан құрылған шаруашылықтарға қолдау көрсету мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекеттік кепілдендіру тетігі іске қосылды. Бұл механизм кепілдік базасы жеткіліксіз шаруаларға да қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама аясында мемлекет несие сомасының 85%-ына дейінгі бөлігін кепілдендіреді.

Қазіргі таңда осы құрал арқылы жалпы сомасы 166,5 млрд теңгені құрайтын 1134 кепілдік беріліп, жалпы несие көлемі 195,9 млрд теңгеге жетті.

Бұл – егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуге ықпал ететін маңызды қадам. Ерте қаржыландырудың арқасында ауыл шаруашылығы өндірушілері көктемгі дала жұмыстарына алдын ала дайындалып, қажетті ресурстармен дер кезінде қамтамасыз етілді.


Фото: Үкімет

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар