Туризм, қолөнер және ұлттық өнімдер: Өскеменде «TourEast ALTAI KZ» фестивалі өтті

Өскемендегі Сол жағалау кешенінде Дүниежүзілік туризм күніне орай «TourEast ALTAI KZ» фестивалі өтті. Биылғы іс-шара халықаралық сипат алып, Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін шетелдік қонақтарға таныстыруға және өңірдің туристік бизнес өкілдерін бір алаңға жинауға мүмкіндік берді. Фестивальге әлемнің 17 елінен келген шетелдік делегаттар, «Біздің ортақ үйіміз – Алтай» халықаралық үйлестіру кеңесінің мүшелері және халықаралық инженерлік іс-шараларға қатысушылар қатысты.


Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі туристік көрме болды. Мұнда туроператорлар, демалыс базалары, қонақүйлер, пантымен емдеу мекемелері және басқа да туристік бизнес өкілдері өздерінің қызметтері мен жаңа бағыттарын таныстырды. Көрмеге барлығы 20 бейінді компания қатысты.

Өңірдің туристік мүмкіндіктерін «Вояж», «Altay-Pro.kz», «Drivejeepkz», «KatonKaragay Tour» компаниялары таныстырды. Сондай-ақ келушілерге тікұшақпен саяхат ұйымдастыратын «Adventure VKO» және өзен серуендерін ұсынатын «БЕЛАЛЕКС» компанияларының қызметтері көрсетілді. Қонақжайлылық саласында «Чёрная Уба» экологиялық қонысы, «Таежный домик в Васильево», «Zarechye» парк-отелі, Hayat Hospitality Management, Altai Mountains Resort, Melada Resort және Forest Hills секілді нысандар өз мүмкіндіктерін ұсынды.

Туристік көрмеде Шығыс Қазақстанның табиғи аумақтарына да ерекше назар аударылды. Батыс Алтай және Марқакөл мемлекеттік табиғи қорықтары, сондай-ақ Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өңірдің табиғи және экологиялық туризм бағыттарын таныстырды.

Фестивальге шетелдік серіктестер де қатысты. Көрме алаңында Ресейдің Алтай өлкесінің туристік ақпараттық орталығы мен Моңғолияның Ховд аймағының өкілдері болды. Бұл ретте халықаралық ынтымақтастық аясында туристік ағындармен алмасу және бірлескен туристік өнімдер әзірлеу мәселелері де талқыланды.

Фестивальдің іскерлік бағдарламасында туризм саласының мамандары халықаралық тәжірибе алмасу, заңнаманы жетілдіру, туристік қызметтердің сапасын арттыру және бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар өңірге инвестиция тарту, тау шаңғысы курорттарын, бес жұлдызды және wellness-қонақүйлерді, пантолечение нысандарын дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Өңірдің туристік әлеуетін көрсететін көрсеткіштер де назар аударарлық. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда 42 бірегей туристік маршрут жұмыс істейді. Оның 24-і экологиялық бағыттарға жатады. Ал орналастыру орындарының саны бойынша облыс республикада екінші орында тұр. Өңірде бір мезетте шамамен 22 мың адамды қабылдай алатын 447 орналастыру нысаны бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл нысандар 10 млрд теңгеге қызмет көрсетіп, көрсеткіш бір жылда 24%-ға артқан. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында орналастыру орындарындағы қызмет көлемі 5,2 млрд теңгеге жетті.

Туризм саласына инвестиция тарту бойынша да өсім байқалады. 2025 жылы туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 21,6 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде 45%-ға өскен. 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл бағытқа 9,5 млрд теңге инвестиция салынған.

Фестиваль аясында өңірдің туристік әлеуеті ғана емес, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері де таныстырылды.

«Шеберлер қаласында» қолөнершілер жәрмеңкесі мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Келушілер дәстүрлі бұйымдармен танысып, қолөнер шеберлерінің жұмысын тамашалады. Жергілікті тауар өндірушілер де өз өнімдерін ұсынып, өңірде өндірілетін тауарлардың түр-түрін көрсетті.

Жәрмеңкеде қымыз, құрт, бал, айран және басқа да сүт өнімдері ұсынылды. Күршім ауданында өндірілетін MOINAQ ет өнімдері де көпшілік назарына ұсынылды.

Күршім ауданының тұрғыны Раушан Рахимова-Чупенов шұжық өнімдерін өндірумен 2024 жылдың тамыз айынан бастап айналысады. Кәсіпкер мемлекеттік қолдау аясында 400 АЕК көлемінде грант иеленіп, оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алған.

– Кәсіппен айналысқаныма биыл екі жыл болды. Өнімдеріміз тек табиғи еттен дайындалады. Шұжықтан бөлек, құйрық май, қазы және жая да дайындаймыз. Өнімдерге желатин, крахмал, соя секілді қоспалар қоспаймыз, – дейді Раушан Рахимова-Чупенов.

Фестивальде гастрономиялық туризмге де ерекше мән берілді. Қонақтарға Катонқарағайдың шөп шайлары, бал өнімдері ұсынылып, шай мен балдан арнайы рәсім ұйымдастырылды. Мамандардың пікірінше, гастрономиялық туризмді дамыту ауыл шаруашылығы мен жергілікті өндірісті ілгерілетумен тікелей байланысты.

Халықаралық қонақтарға Шығыс Қазақстанның этномәдени ерекшеліктері де таныстырылды. Фестивальге қатысушылар этноауылға барып, өңірде тұратын түрлі этнос өкілдерінің мәдениетімен, ұлттық киімдерімен, дәстүрлері және тағамдарымен танысты. Шетелдік делегация өкілдері Левобережный кешенінің аумағында достық белгісі ретінде ағаш отырғызу рәсіміне де қатысты.

Қала тұрғындары үшін «Белсенді демалыс» алаңында туристік жабдықтар көрмесі ұйымдастырылды. Келушілер кемпингке арналған құралдармен танысып, бағдарлау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Туризм мамандары жорыққа дайындалу және табиғат аясындағы қауіпсіз демалыс туралы кеңестер берді.

Балалар мен жастарға арналған «Жас турист» алаңында «Антарес» клубы отбасылық квест пен туристік кедергілер жолағын ұйымдастырды. Қатысушылар ептілік пен жылдамдықты қажет ететін кезеңдерден өтіп, жорыққа қажетті бастапқы дағдыларын сынап көрді.

Сонымен қатар «Өскемен нордик» клубының скандинавиялық жүріс бойынша шеберлік сабағына қала тұрғындары қатысты. Осылайша фестиваль тек туристік бизнес өкілдеріне арналған көрме емес, қала тұрғындары үшін де демалыс пен белсенділікке бағытталған ашық алаңға айналды.

Іс-шара соңында туризм саласының дамуына үлес қосқан сала өкілдері марапатталды. Облыстық конкурстың бейінді номинациялары бойынша жеңімпаздарға марапаттар табысталып, туризм саласында ұзақ жыл еңбек еткен мамандарға да алғыс білдірілді.

«TourEast ALTAI KZ» фестивалі Шығыс Қазақстанның туризмін бір ғана демалыс бағыты ретінде емес, табиғи мұра, мәдениет, гастрономия, жергілікті кәсіпкерлік және белсенді өмір салтын біріктіретін тұтас сала ретінде таныстыруға мүмкіндік берді. Халықаралық қонақтардың қатысуы өңірдің туристік мүмкіндіктерін шетелдік аудиторияға таныстыруға және Алтай аумағындағы өңірлер арасындағы туристік байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндік ашты.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter