ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР: ШҚТУ КОРЕЯ УНИВЕРСИТЕТТЕРІМЕН ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУДА
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында ШҚТУ кореялық жетекші жоғары оқу орындарымен жаңа келісімдерге қол жеткізді. Университет Hanbat National University және Kyungsung University-мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойып, білім, ғылым және технология салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалады.
Қазақстан мен Корея Республикасының ғылым, білім және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастығының кеңеюі инженер кадрларды даярлауға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл әріптестік Қазақстанның негізгі индустриялық өңірлерінің бірі саналатын Шығыс Қазақстан облысы үшін айрықша маңызды.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғылыми және инженерлік құзыреттері геология мен металлургия, критикалық және сирек металдар, энергетика, жасанды интеллект, цифрлық және автомобиль технологиялары салаларындағы халықаралық жобаларды жүзеге асыруға негіз бола алады.
Hanbat National University-мен жасалған меморандум инженерлік білім беру, қолданбалы зерттеулер мен технологиялық әзірлемелер бағытындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады. ШҚТУ мен кореялық университетті заманауи білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылым мен өндіріс байланысын нығайту, инновацияларды енгізу және тәжірибеге бағдарланған мамандар даярлау секілді ортақ басымдықтар біріктіреді.
Тараптар академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер мен оқытушылар алмасуды жолға қоюға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруға ниетті. Университеттердің ғылыми әлеуеті мен инженерлік құзыреттерін біріктіретін жобаларға ерекше назар аударылады.
Сапар аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы – ректор Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллина Пусан қаласына барып, Kyungsung University басшылығымен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар университетаралық ынтымақтастықты дамытудың келешегін және бірлескен білім беру мен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, инженерлік білім, инновациялар және университеттердің өндірістік серіктестермен байланысын нығайту мәселелеріне баса назар аударылды.
Кездесу қорытындысында ШҚТУ мен Kyungsung University ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға уағдаласып, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
«Корея Республикасының жетекші университеттерімен ынтымақтастықты дамыту – ШҚТУ-дың халықаралық қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Оңтүстік Корея инженерлік білім беру, технологиялық инновациялар және университеттердің өнеркәсіппен өзара іс-қимылы саласында мол тәжірибеге ие. Біз бірлескен жобалар мен академиялық алмасуды дамыту үшін үлкен әлеует бар екенін көріп отырмыз», – деді Сәуле Рахметуллина.
Сапарға ШҚТУ-дың стратегиялық индустриялық серіктесі Allur Kazakhstan өкілінің қатысуы да маңызды болды. Университет пен бизнес өкілдерінің бірлескен жұмысы тәжірибеге бағдарланған білім беру, инженер кадрларды даярлау, сондай-ақ заманауи өндірістік және автомобиль технологиялары саласындағы жобаларды дамыту мәселелерін талқылауға қосымша мүмкіндік берді.
Пусан – Корея Республикасының ірі экономикалық, логистикалық және технологиялық орталықтарының бірі. Қалада инновациялық кластерлер, цифрлық экономика және жоғары технологиялы өндіріс белсенді дамып келеді. Бұл ШҚТУ-дың кореялық университеттермен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен және технологиялық компаниялармен ынтымақтастығын кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.
Әріптестіктің жаңа бағыттары Қазақстан-Корея бизнес-дөңгелек үстелінде де талқыланды. Оның күн тәртібінде критикалық және сирек металдар, геология мен металлургия, жасанды интеллект, энергетика және инженер кадрларды даярлау мәселелері қамтылды. Бұл бағыттар Қазақстан үшін де, Шығыс Қазақстан облысы үшін де стратегиялық маңызға ие.
Шығыс Қазақстанның өнеркәсібі дамыған әрі минералдық-шикізат қоры мол. ШҚТУ-дың ғылыми әлеуеті шикізатты зерттеу және терең өңдеу, өнеркәсіпке жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу, заманауи өндірістік технологияларды дамыту және жаңа буын инженерлерін даярлау жобаларына жұмылдырылуы мүмкін.
Халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейтуде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі маңызды рөл атқарады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар университет ғылымының экономиканың нақты секторымен ықпалдасуына және қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық технологиялық жобаларға белсенді қатысуына ықпал етеді.
Hanbat National University және Kyungsung University-мен жасалған меморандумдар қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға бағытталған. Олардың жүзеге асырылуы студенттер мен ғалымдардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және білім, ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
ШҚТУ-дың жаңа серіктестік байланыстары Шығыс Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуға және Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлес қосады.
