Инженерлік желілерге қосылу үдерісі цифрландырылды

Елімізде инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттарды алу рәсімі цифрландырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс кодексінің нормаларын іске асыру аясында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы электрмен, жылумен, сумен жабдықтау желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды ұсыну қызметін іске қосты.

Министрліктің мәліметінше, жаңа цифрлық тетік техникалық шарттарды алу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, инженерлік желілердің қолжетімділігі мен табиғи монополия субъектілерінің бос қуаттары туралы ақпаратты алдын ала көруге мүмкіндік береді. Бұл инвесторлар мен құрылыс салушыларға нысандарды инженерлік инфрақұрылымға қосу мүмкіндігін ертерек бағалауға жағдай жасайды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, табиғи монополияларды реттеу комитеті және бас прокуратураның инвесторлар құқықтарын қорғау комитеті бірлесіп жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жүйеге техникалық шарттар беретін 375 табиғи монополия субъектісі қосылды. Қалған ұйымдарды жүйеге енгізу жұмыстары жалғасуда.

2026 жылғы шілде айының соңындағы мәлімет бойынша мемлекеттік қала құрылысы кадастрының геопорталы арқылы техникалық шарттарды алуға 3 495 өтінім түскен. Оның 2 067-сі қаралып, 879 өтінім мақұлданған, 696 өтінім бойынша бас тартылған. Қалған өтінімдер қаралу үстінде.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter