ШҚО-да мүгедектікті белгілеу тәртібі түсіндірілді

Мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін анықтау және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Аталған қызметті алу тәртібі туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің өкілдері айтып берді.

Медициналық-әлеуметтік сараптама денсаулық сақтау саласы ұйымы берген жолдама негізінде жүргізіледі. Жолдама пациент толық тексеруден өтіп, ем қабылдағаннан кейін рәсімделеді. Куәландыру бірнеше форматта жүзеге асырылады. Азаматтың жеке қатысуымен, үй жағдайында, медициналық ұйымдарда, сырттай және проактивті түрде. Бүгінгі таңда облыста мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызметті 3 445 азамат алған.

Өңірде азаматтарды көзбе-көз қабылдау алдын ала жазылусыз, сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін кезек тәртібімен жүргізіледі. Түстен кейін мамандар құжаттарды қарап, сырттай куәландыру жұмыстарын және сараптамалық шараларды жүзеге асырады.

Брифинг барысында медициналық құжаттардың дұрыстығы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Департамент басшысының міндетін атқарушы Наталья Литке жыл басынан бері елде жалған мәлімет ұсыну және медициналық құжаттарды бекітілген талапқа сай рәсімдемеуге байланысты 150-ден астам заңбұзушылық анықталғанын хабарлады.

Оның сөзінше, сараптама қорытындысы тек расталған медициналық мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Ал жалған ақпарат пен құжат ұсыну заң алдындағы жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter