Бір тіл, бір ел: мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері

Мемлекеттік тіл – Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің берік негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым қазақ тілінің қоғамды біріктіретін негізгі фактор екенін атап өтіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтып келеді. Президент өз сөздерінде: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуға тиіс» деген стратегиялық міндетті айқындап, мемлекеттік тілді дамыту қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлікті нығайтудың маңызды тетігі екенін бірнеше рет ерекше атап өтті.


Президент тапсырмаларын іске асыру мақсатында елімізде мемлекеттік тіл саясаты кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылу аясын кеңейту, оны меңгеруге қолайлы орта қалыптастыру, азаматтардың тілдік капиталын арттыру және қазақ тілін біріктіруші фактор ретінде орнықтыру негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген.


Бұл бағыттағы жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында да жүйелі түрде жүргізілуде. Облыста мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тілін күнделікті өмірде, мемлекеттік басқару жүйесінде, білім беру, мәдениет, қызмет көрсету және ақпараттық кеңістікте кеңінен қолдануға бағытталған кешенді іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.


Бүгінде облысымызда түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, қоғамдық өмірдің белсенді мүшесіне айналуы – тіл саясатының нақты нәтижесінің көрінісі. Олар қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте, білім мен ғылымда, мәдениет пен өнерде табысты еңбек етіп, мемлекеттік тілдің біріктіруші әлеуетін нақты істерімен дәлелдеуде.


«Бір тіл, бір ел» қағидаты – этностық ерекшеліктерді сақтай отырып, ортақ мемлекеттік құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісі. Мемлекеттік тілді меңгеру – тек тіл үйрену емес, бұл – ел тарихын, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын құрметтеу, ортақ жауапкершілік пен азаматтық бірегейлікті нығайту.


Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы Президент айқындаған басымдықтар мен тіл саясаты тұжырымдамасы аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерінің оң тәжірибесін кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береді.


Ортақ тіл – ортақ мүдденің, берік бірліктің және қуатты мемлекеттің негізі. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Қазақ тілінің қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуы – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі және елдің тұрақты дамуының кепілі.


 


 


 

С. Қасенов


Шығыс Қазақстан облысы


мәдениет басқармасының басшысы


Бөлісу: Facebook Telegram Twitter